ДИКТОР: Ақмола облысында 40 жеке тұрғын үйге су кіріп, 18 көпқабатты, 67 жер үйдің ауласын су басқан. Учаскілердің барлығында арнайы құрылғылармен суды сорып алу жұмыстары жүргізілді. Ал табиғи апаттан келтірген материалдық шығынды бағалау және өтеу бойынша арнайы комиссия құрылды. Бүгінде жауапты мамандар 92 өтінішті қабылдады.

РКС: Материалдық залалды бағалау және өтеу жөніндегі арнайы комиссия құрамына мемлекеттік мекеме басшылары, қалалық мәслихат төрағасы мен мәслихат депутататтары, сондай-ақ, қоғамдық кеңес төрағасы және әділдік жолы қоғамдық бірлестігі мен кәсіпкерлер палатасының өкілдері кірді. Әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі 2 сәуірден бастап зардап шеккендердің өтініштерін қабылдауда. Тұрғындарға қажетті ақпараттарды беру жұмыстары да жүргізілуде. Айта кетейік, 58 тұрғынның өтініші бойынша материалдық шығынға бағалау жүргізілді.

СНХ: ДАНИЯРБЕК НҰРСЕЙІТОВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: Залалды бағалау 10 жұмыс күні ішінде жүргізілетінін және комиссия зардап шеккендерге төлем жасау туралы шешімді 3 жұмыс күні ішінде қабылдайтынын ескерген жөн. Зардап шеккен тұлға өтінішпен қоса қалпына келтіретін мүлік тізімдемесін ұсынады. Бұл ретте, бағалаушыны зардап шеккен азамат таңдау құқығы бар. Ал егер біздің бағалаушының берген есебімен зардап шеккен тұлға келіспейтін болса сотқа жүгіну мүмкіндігі бар. Табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккендерге келтірілген залалды өтеу жергілікті атқарушы органдардың бюджет қаражаты есебінен Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен зардап шеккендердің ең төменгі қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін жүзеге асырылады.

РКС: Қызыл судың салдарынан 11 елдімекен көлік қатынасынсыз қалып отыр. Сондықтан азық-түлік пен дәрі-дәрмектер арнайы техникамен жеткізілуде. Тасқын судың алдын алу және салдарын жою мақсатында жол төсемін қалпына келтіру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Нұра және Есіл өзендері өтетін аймақта Қосшы қаласында 79 үй, Целиноград ауданы 555, Қорғалжын және Аршалы аудандарының 19 елді мекені орналасқан. Барлығы 9 жүзден астам үйді құрайды. Бұл - қауіпті аймақтар.

СНХ: АЛМАС АЛИН, ОБЛЫСТЫҚ ІШКІ САЯСАТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Астана су қоймасынан секундына шамадан тыс 300 текше су төгілуде. Су тасқынын болдырмау мақсатында алдын-алу жұмыстары бойынша облыстың су қоймаларында жарылыс жұмыстары, еріген қар суын арнайы құрылғылармен сору және бөгет қабырғаларын нығайту, су құбыры құрылыстарын кеңейту және арықтарды тазарту бойынша тәулік бойы жұмыс жалғасуда. Сондай-ақ, Азаматтардың өмiрi мен мүлкiне қауiп-қатердi барынша азайту жөнiнде қосымша шаралар қабылданды. Ұзындығы 32 шақырымды құрайтын қорғаныс үйінділері тұрғызылды.

РКС: Су тасқынына қарсы іс-шараларға 2,5 мың адам, 1 мыңнан астам техника және мотопомпалар мен жүзу құралдары жұмылдырылды. Достық үйінің ғимаратында «Жомарт жан» орталығы іске қосылды. Олар су тасқынынан зардап шеккен 100-ден астам отбасыға көмек көрсетті. Облыстық мәслихат депутаттары мен шаруа қожалықтары құны 2,5 млн. теңгені құрайтын 1840 кг азық-түлік өнімдерін ұсынды. Жалпы, шаруа қожалықтарының мүшелері мен өңір тұрғындары 15 млн. теңгеден астам көлемінде көмек көрсетті.

РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ