ДИКТОР: 5 сәуір – Қазақстан Республикасының көші-қон қызметінің кәсіби мерекесі. 1999 жылы дәл осы күні төлқұжат және виза қызметі көші-қон полициясы деген атаумен өзгертілді. Бүгінде көші-қон қызметінің атауы ғана емес, міндеттері мен құрылымы да өзгерген.

РКС: Елімізге келетін шетел азаматтары санының артуына байланысты олардың тәртібін реттеу мәселесі туындады. Ведомствоның мәліметінше, 2022 жылы елімізге 9 миллионнан астам адам келген. Олардың 100 мыңнан астамы осында қалуға шешім қабылдады.

СНХ: ЖЕҢІС ҚАРАҚОЙШИНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ КӨШІ-ҚОН ҚЫЗМЕТІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ: Бүгінгі күні көші-қон қызметі Ішкі Істер Министрлігінің негізгі бағыты саналады. Оның құзыретіне шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды есепке алу және тіркеу кіреді. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының тұрақты шетел азаматтарын дербес есепке аламыз. Мемлекеттік қызметтер көрсету бойынша шаралар іске асырылуда. Көші-қон қызметі күні қарсаңында көші-қон полициясында қызмет еткен ішкі істер органдарының ардагерлерін, жұмыс істеп жүрген қызметкерлерді құттықтағым келеді. Оларға мықты денсаулық, жұмысында табыс, амандық, ашық аспан тілеймін.

РКС: Полиция подполковнигі Руслан Исимбаев ішкі істер органдарында 2002 жылдан бастап жұмыс істейді. 2005 жылы көші-қон қызметіне ауыстырылған.

СНХ: РУСЛАН ИСИМБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ КӨШІ-ҚОН ҚЫЗМЕТІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЕРЕКШЕ ТАПСЫРМАЛАР ЖӨНІНДЕГІ АҒА ИНСПЕКТОРЫ: Менің міндеттеріме азаматтықтың өзгеруі, азаматтықты алу, Қазақстан Республикасында тұрақтауға өтініш білдіру мәселелерін қарау кіреді. Қос азаматтықты анықтау, азаматтық заңнамасын бұзған адамдарды әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселелерімен айналысамыз. Бізге ұзақ уақыт бойы құжатсыз жүрген азаматтар да келеді. Олардың жеке басын анықтау, деректерін құжатқа енгізумен де айналысамыз.

РКС: Өткен жылы шетелден келгендердің саны 14 миллионға жетті. Олардың 90 проценті ақша табуға келген ТМД елдерінің тұрғындары. Биыл Қазақстан Республикасының аумағына 3 миллионға жуық азамат келді.

ЛАУРА ДӘУЛЕТБЕК, ҚАЙЫРБЕК ТӨЛЕГЕНОВ, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, АРДАҚ ТІЛЕУҚАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ