ДИКТОР: Облыстық жастар ресурстық және волонтерлерді қолдау орталығы. Сонымен бірге ұлттық волонтерлер желісі бірлесе Көкшетаудағы топан судан зардап шеккендерге көмек көрсетіп жатыр. "Күшіміз-бірлікте". Дәл осындай ұранмен 200-ден астам волонтер күн-түн демей, ортақ іске бір кісідей жұмылды.

РКС: Бұл Көкшетау қаласының Ахмет Байтұрсынұлы көшесіндегі 154 үй. Мұнда топан судан зардап шеккен Алқа Мүтішева тұрады. Баспанасының ішіне дейін су кіріп кеткен. Салдарынан, азық-түлік пен үйіндегі мүлкі бүлінді. Жас ана волонтерлерге ризашылығын жеткізді.

СНХ: АЛҚА МҮТІШЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Міне бүгін бізге волонтерлер көмек көрсетіп жатыр. Сол кісілерге рахмет! Өйткені, мұндай көмекті біз ешқашан алған емеспіз.

РКС: Қазір қала бойынша бірнеше мекенжайда көмек көрсету жұмыстары жалғасып жатыр. Волонтерлер алғашқы көмек ретінде мұқтаж жандарға 5 килограмм ұн, қант, картоп, күріш, 30 дана жұмыртқа және сұйық май, тәттілер мен жеміс-жидектер толтырылған себеттер таратты. Сондай-ақ, гигиеналық заттар мен төсек жабдықтары да табыс етілді. Бүгін қажетті жиһазды да жеткізіп бермек.

СНХ: ДИДАР ХАМЗИН, ОБЛЫСТЫҚ ВОЛОНТЕРЛЕРДІ ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҒЫ ФРОНТ-КЕҢСЕСІНІҢ БАСШЫСЫ: Су апатынан зардап шеккен мұқтаж жандарға бүгінгі таңда көмек көрсетудеміз. Оның ішінде бізде жиһаз заттары, ең алғашқы керек жарақтар және азық-түлік себеттерін тасудамыз. Көкшетау қаласы бойынша 20-дан астам отбасы мұқтаждық танытып отыр. Солардың барлығына қазіргі уақытта осы заттарды жеткізудеміз.

РКС: Алдағы уақытта волонтерлер Целиноград және Зеренді ауданының елдімекендерінде топан судан зардап шеккен тұрғындарға қажетті заттарды жүк көлігіне тиеп, жолға шықпақ.

ЛАУРА ДӘУЛЕТБЕК, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ