ДИКТОР: Ұрпақ тәрбиесі қашанда өзекті. Өйткені, өскелең ұрпаққа жастайынан біліммен қатар тәлім-тәрбиені де бойына дұрыс сіңіре білген абзал. Өйткені, бүгінгі ұрпақ-ертеңгі ел тірегі. Сондықтан осы тақырып аясында жиын өткізіліп, онда жастар тәрбиесіне қатысты мәселе қозғалды. Қазіргі таңда өмірге көзқарастары толық қалыптаспаған жастар еліктегіш келетіні де жасырын емес. Ойнап жүріп от басатындары қаншама?! «Ұрпақ тәрбиесі-болашақ тірегі» атты кездесуге №6 мекемесінде жазасын өтеушілер мен жас студенттер арасында диалогтық кездесу өтті.
РКС: Аталмыш кездесу елімізде мемлекеттік жастар саясатын іске асыруға бағытталған жоспарды жүзеге асыру шеңберінде ұйымдастырылып отыр. Айта кету керек, жазасын өтеушілердің қоғам арасына шығып, мұндай кездесу өткізуі бұрын-соңды болмаған. Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті осындай пилоттық жобаны қолға алып отыр. Оны жергілікті депутатттар қолдап, жастармен кездесу ұйымдастырды.
СНХ: ӘЛІБЕК СЕРҒАЛИЕВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ: Бір үлкен жобаны қолға алып жатырмыз. Мұндай жоба Қазақстанда болмаған. Бұл пилоттық жоба. Оның механизмі өзінің жазасын өтеп жүрген қызметкерлердің ішінен таңдау жасалып, оларды шақырту студенттердің алдына. Олардың өмірде жасаған қателіктерін студенттер өз көзімен көріп, тыңдап, дұрыс насихат алса екен деген мақсат бар.
РКС: Кездесу барысында жастықтың буымен аяғын шалыс басқан жазасын өтеушілер өткеніне өкінетіндерін айтты. Өскелең ұрпақ рухани құндылықтарға баса назар аударып, тек ізгілікке жаны құмар болса екен,-дейді.
СНХ: ТЕМІРЖАН, ЖАЗАСЫН ӨТЕУШІ: Мектеп бітірдім. Жоғарғы оқу орнына түсіп, ағылшын тілінің мамандығына оқыдым. Әскерде болдым. Жастық шақ та болды. Тентектік уақыт та болды. Енді ол 18-19 жаста болдым. Қызулығым бар. Ішімдік те бар. Темір тордың ар жағына түскен себебім, жұмыс істедім. Еңбек ақымды бермей жүрді. Ол маған көп ақша қарыз болды. Бірнеше рет те ескерттім. Болмағасын ұрлыққа түстім.
РКС: Отбасындағы тәрбие, ата-ананың балаға көңіл бөлуі маңызды фактор. Колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері кездесуден түйген ойларымен бөлісті.
СНХ: МАМЫРБЕК МЕДЕУ, АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАНЫС ЖОҒАРЫ КӨПСАЛАЛЫ КОЛЛЕДЖІНІҢ СТУДЕНТІ: Бүгін жазасымен өтеушілермен бірге кездесу өтті. Олар қылмысқа не үшін барғанын, қандай себеп болғанын және салдарын да айтты. Олар өзінің қылмысына өкінетінін де айтты. Студенттерге қазір маңыздысы тәрбие. Тәрбие бар жерде, қылмыс та болмайды. Кішкентай ғана қылмыс өзімен бірге үлкен өкініш әкеледі.
РКС: Тәрбие-тал бесіктен деп бекер айтылмаса керек. Тәлімді тәрбиенің орны қашан да бөлек. Аталмыш шара жастарға қылмыс – қоғамның дерті екенін ұғындырып, оның өсуіне жол бермеуді ұғындырғандай.
МАҚПАЛ ЕРҒАЛИЕВА, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ