ДИКТОР: Нашақорлық – ғасыр дерті! Әлемді жайлаған есірткі дерті күн сайын тамырын тереңге жайып барады. Бұл адам баласының денсаулығы мен еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне төнетін үлкен қатер. Бүгінде қоғам есірткі заттарының таралуымен белсенді күресуде. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда нашақорлық мәселесін көтерді.
РКС: Астаналық Виталий Ғабдуллин есірткінің дәмін алғаш рет жоғары оқу орнында оқып жүрген кезінде көріпті. Бала кезінен спортпен шұғылданып, хоккейден біраз жеткістікке жеткен Виталий денсаулығына байланысты спорттан кетуге мәжбүр болған. Салдарынан өзіне жат, бұзақылар ортасына түсіп, түрлі зиянды затты қабылдауды бастапты.
СНХ: ВИТАЛИЙ ҒАБДУЛЛИН, ЕМДЕЛУШІ: Біз қашан да үлкендерден қолдау іздейміз, соларға еліктейміз.Олар не істесе, сол ең керемет дүние сияқты болып елестейді ғой. Сондықтан соларға сенеің, соларға ұқсағың келіп тұрады. Есірткінің түр-түрін тұтындым. Бұрын-соңды сезініп көрмеген күй кештім. Бірте-бірте ұнай бастады. Осылай 20 жылдай есірткіге тәуелді болдым. Тәуелділіктен арылып, өз өмірін өзгерткен адамдар бар. Мен де қазір сол жолдамын. Яғни, өз еркіммен өзгергім келді. Себебі, бір сәтте өмірім тек есірткіге байланысты екенін түсіндім.
РКС: Қазір Виталий Өзен ауылындағы облыстық психикалық денсаулық орталығында ем қабылдап жатыр. Толық сауықтырудан өткен соң психолог мамандығын игеріп алмақшы. Сол орталықта қалып, аяғын шалыс басқан жандарға көмектеспек мақсаты бар. Айта кетейік, облыстық психикалық денсаулық орталығында тағы 24 адам ем қабылдап жатыр.
СНХ: ГҮЛМИРА ОЙНАРОВА, ОБЛЫСТЫҚ ПСИХИКАЛЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ПСИХОЛОГЫ: Бізге пациенттер оңалтудың 3 кезеңіне келеді. Орталыққа келісімен 9 айға келісім-шарт жасалады. Барлық анализдерді тапсырады. Содан кейін оған куратор бекітіледі. Яғни, куратор емделушіге 2 апта бойы орталықтың ішкі тәртібін көрсетіп, түсіндіреді. Мұнда келгендер ең алдымен өзін өмірге бейімдегісі келеді. Медициналық түзетуден өткен кезде физикалық ауырсынудан арылады. Ал бізге келгенде психологиялық тұрғыда тәуелділіктен ем қабылдайды. Әр адамға жеке бағдарлама таңдалады. Орталықта пациенттер 5 бағыт бойынша айналысады.
РКС: Жас ұрпақтың, әсіресе, қазіргі құбылмалы заманда сыни тұрғыдан ойлай білуі маңызды. Балалардың танымы кең болуына жағдай жасалуы тиіс. Мемлекет басшысы осылай деді. Облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы жастар арасында түрлі профилактикалық шаралар жүргізуде.
СНХ: ВИТАЛИЙ ГУДЫМЕНКО, ОБЛЫСТЫҚ ЕСІРТКІ ҚЫЛМЫСЫНА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ ЖӨНІНДЕГІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ: Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 264-ші бабы бойынша 2 факті қозғалды. Яғни, трансұлттық қылмыстық топты ұйымдастырудың алдын алдық. Жалпы, жыл басынан бері есірткіге байланысты 55 құқық бұзушылық анықталды. 11 есірткі жасырушы құрыққа ілікті.
РКС: Мемлекет басшысы жақсылыққа жету үшін ең алдымен жағымсыз әдеттерден арылу қажет екенін Ұлттық Құрылтайда баса айтты. Жақсыдан үйреніп, жаманнан жирене білуіміз қажет. Яғни, шын мәнінде озық ұлт болу үшін жақсылыққа ұмтылумен қатар, еліміздің өсіп-өркендеуіне кедергі болатын жаман әдет, жағымсыз қылық және қауіпті кеселден құтылуымыз керек. Бұл – ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру жолындағы өте маңызды қадам,-деді Президент.
САМАЛ ЫСҚАҚОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, ДАРХАН МҮЖІБАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ