ДИКТОР: Өңірдің үздік оқушылары «IQanat» олимпиадасының облыстық кезеңінде бас қосты. Білім бәйгесіне аудандық кезеңнен озық шыққан 450-ден астам оқушы жолдама алған. Екі күндік додадан сүрінбей өтетін жастар IQanat High School of Burabay мектебінің гранттарына ие болмақ.
РКС: Білім додасының облыстық кезеңіне жолдама алған озат оқушының бірі - Әнел Шұрманова. Бұрымды Бұланды ауданынан келген. Аудандық іріктеуден іркелмей өткен оқушы болашақта ел аралап, аудармашы болғысы келеді.
СНХ: ӘНЕЛ ШҰРМАНОВА, 8 СЫНЫП ОҚУШЫСЫ (БҰЛАНДЫ): Екінші кезеңге сүрінбей өттім. Қазір қатты қобалжып тұрмын.Жалпы, бүгінгі тест жақсы нәтижеде өтеді деп үміттенемін. «IQanat»-қа ауылдық балаларға осындай мүмкіндік беріп отырғанына рахмет.
РКС: Білім бәйгесінің берері мол. Топ жарғандарға отандық және шетелдік жоғары оқу орындарында тегін оқу мүмкіндігі беріледі. Тағы бір ерекшелігі, олимпиада тек ауыл-ауданның 8-ші сынып оқушылары арасында өтеді. Олардың білім деңгейі, шығармашылық пен танымдық қасиеттері сарапқа салынады. Үздіктері еліміздің беделді білім ордаларының бірі IQanat High School-да білімін шыңдау мүмкіндігіне ие болады.
СНХ: МАРИНА ДУДАРЕВА, «IQANAT» ОЛИМПИАДАСЫНЫҢ ОБЛЫСТЫҚ ҮЙЛЕСТІРУШІСІ: Оқушылар тест тапсырмаларын математикалық сауаттылық, логикалық ойлау және сыни ойлау, яғни ағылшын тілі бойынша орындайды. Сондай-ақ, балалар бір пәнді өздері таңдайды. Тест тапсырмаларын орындауға 100 минут уақыт беріледі. Биыл IQanat High School-дың тағы бір қосымша кампусы ашылды. Бұл оқушыларды бұрынғыдан көбірек қабылдауға мүмкіндік беріп отыр.
РКС: Олимпиаданың қорытындысы үш аптадан соң белгілі болады. Айта кету керек, финалдық сынға жолдама алатын 1 мың бала анықталмақ. Үздіктердің бір бөлігі Бурабайдағы IQanat мектебінде оқуға қабылданса, екінші бөлігі үшжылдық қолдауға ие болады. Яғни, балалар ҰБТ-ға, халықаралық емтихандарға дайындалып, ағылшын тілін, ІТ-дағдыларды және soft skills салаларды тегін оқиды.
САМАЛ ЫСҚАҚОВА, ӘЛІШЕР ШАКУБАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ