ДИКТОР: Қоғамдық көлік жүргізушісі таңмен таласа тұрады. Қала шырт ұйқыда жатқанда жұмыс орнына барып көлігін қыздырып, рейске шығады. Шаһардың қым-қуыт тіршілігін ең бірінші көзбен көретін де осы қоғамдық көлік жүргізушісі. Қиын да бірегей мамандықтың иесі Айдос Ысқақов. Ол 16-шы бағыт бойынша автобус жүргізушісі болып еңбек етеді. Еңбек адамымен біздің шығармашылық топ жүздесіп қайтты.
РКС: Айдос Ысқақов 2003 жылы Көкшетау политехникалық колледжін техник-механик мамандығы бойынша тәмамдаған. Бұл мамандыққа деген қызығушылығы 12-13 жасында ояныпты. Әкесі автобус жүргізушісі болып жұмыс істеген сәтте кішкентайынан қасында еріп жүріп, жұмыстың қыр-сырын үйренген. Былтыр Айдостың әкесі зейнет демалысына шықты. Ал кейіпкеріміздің өзі шаңырақ көтерген. 39 жастағы Айдос 3 баланыі әкесі.
СНХ: АЙДОС ЫСҚАҚОВ, АВТОБУС ЖҮРГІЗУШІСІ: Автобус жүргізушісінің жұмысы жеңіл емес. Мәселен бұл жұмыста сен ерте оянып, кеш жатуға үйренуің керек. Оған қоса жолаушылармен тіл табыса білу де маңызды. Қаланы бес саусағыңдай жатқа, аялдамалар мен мекенжайларды жақсы білу міндетті. Менде бұл қасиет туа біткен десем болады. Әкем-шешем осы салада аянбай еңбек етті. Жалпы маршруттық автобустарда сырттан келгендер жоқ. Барлығы дерлік бала кезінен үйренген, әкесінен дарыған қасиет десе болады.
РКС: Мектепті аяқтаған соң Айдос Ысқақов Қарағанды облысының Теміртау қаласында әскери міндетін өтеді. 2005 жылы туған жерінде еңбек жолын бастады. Елордада ЭКСПО-2017 көрмесі кезінде, одан кейін шетелде, Мәскеуде де еңбек етті. 2022 жылдың қазанында Көкшетауға оралып, бүгінгі күнге дейін автобус паркінде жұмыс істеп келеді. Қай жерде еңбек етсең де, жұмыста ең бастысы жолаушылардың бабын таба білу қажет,-дейді кейіпкер.
СНХ: АЙДОС ЫСҚАҚОВ, АВТОБУС ЖҮРГІЗУШІСІ: Жолаушылармен даулы және басқа да жағдайлар болады. Біз бір күнде 1 мыңға жуық жолаушы тасымалдаймыз. Мен жалғыз болсам, олар көп. Әрқайсысының көңілін аулау керек. Автобус жүргізушілері ғана емес, психолог маман да болуға тура келеді. Себебі әр жолаушының көңілі бізге қымбат. Жақсы сәттер де бар әрине. Кейде жолаушылар алғысын жаудырып, күніңе сәттілік тілеп кетеді. Ал егер көңіл-күйі жоқ адам кездессе, я болмаса өзгенің мазасын алатын адамдар болса біз олармен жеке-жеке сөйлесіп, ашуын қайтаруға тырысамыз. Біздің жұмыста кез-келген жағдайда жолаушынікі дұрыс. Сондықтан біз мәселені ушықтырмай, дер кезінде шешуге тырысамыз.
РКС: Айдос автобустың рулін 20 жасында басқарыпты. Қазір «D1» санатындағы жүргізуші куәлігін алу өте өиын, әрі ол процесс ұзаққа созылады. Сондықтан осы салада жас жүргізушілердің жетіспеушілігі қатты сезіледі. Тіпті кез келген тәжірибелі жүргізуші автобусты тізгіндей алмайды. Қазір ортада жүргендердің көпшілігі әкесінің ізімен жүргізушілік мамандықтың қыр-сырын жастайынан меңгергендер. Мұнда еңбек династиясы жа өте көп,-дейді автобус паркінің басшылығы.
СНХ: ОЛЕГ АГОЕВ, «КӨКШЕТАУ АВТОБУС ПАРКІ» СЕРІКТЕСТІГІНІҢ БАС ДИРЕКТОРЫ: Айдос Ысқақовтың біздің ұжымда еңбек етіп келе жатқанына 9 жылдай болып қалды. Ол жаңа буынның өкілі. Жұмыс істеп жүрген жас жігіттердің бірі. Бүгінде біздің жұмыста жас мамандар тапшы. Көбі зейнет жасына жақындағандар. Өйткені, қала ішіндегі көлік жүргізушісінің жұмысы ауыр. Оның өзіндік ерекшелігі мен қиындығы бар. Айдосқа ризамыз. Жігерлі, тазалыққа жаны құмар. Кез келген жанмен тез тіл табысып кетеді. Жұмысқа жанын салады.
РКС: Айдос ерекше еңбек тәртібіне еті әбден үйренген. Демалыс күні де таңғы бестен кеш тұрмайтынын айтып қалды. Сондай-ақ, қоғамдық көлік ерекше күтімді талап ететінін, көліктің ішін таза ұстап, уақытылы жөндеу жұмыстарын жүргізіп отырудың да маңыздылығын атап өтті.
РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ