ДИКТОР: Қыз бала тәрбиесі қазіргі таңда ең маңызды мәселенің бірі. Осыған байланысты «Ақ босаға» отбасы және бос уақытын ұйымдастыру орталығы ұрпақ тәрбиесін, ұлттық дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды дәріптеуді алдыңғы қатарға қойған. Оның бір айқын дәлелі – дәл бүгін Алғыс айту күнінде Әжелер мектебінің ашылуы.

ИНТЕРШУМ: әжелер мектебінің ашылуынан көрініс

РКС: Ашылу салтанатынан кейін ұлттық қолөнер алаша тоқу, қойдың жүнінен оюлы текемет басу, ши тоқу, құрақ-көрпе тігу бойынша шеберлік сағаттары өтті. Абайдай дана тәрбиелеген Зередей зерделі әжелердің ұрпақ тәрбиесінде рөлі өте жоғары. «Қыз баланы қазақтың ұлттық салт-дәстүріне баулу, шаңырағын ардақтайтын тәрбиелі қыз, төзімді ана, қайратты жан болуға, әсіресе, бұрымды қыздарымызды үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білуге тәрбиелеу маңызды», - дейді Әжелер мектебінің мүшелері.

СНХ: МӘНСИЯ СЕРДАЛИНА: ӘЖЕЛЕР МЕКТЕБІНІҢ МҮШЕСІ: 1976 жылдан бері термені анамнан үйрендім. Тұрмысқа шыққан соң, термені енемнен кейін жалғастырдым. Осы уақытқа дейін 13 терме алаша тоқыған екенмін. Қайың сіңлілеріме, өзімнің сіңлілеріме, қызыма тоқыдым. Енді немерелеріме бастап жатырмын. Үлкен немерем 9 жаста. Соған арнадым текеметті. Енді осы Әжелер мектебіне арнап бастадық.

РКС: Қазақтың ұлттық мәдениетінің ең байырғы, аса құнды салаларының бірі – қолөнері. Оның ішінде – ши тоқу. Күнделікті тұрмыс пен шаруашылық қажеті үшін тоқылған ши қазірге дейін кеңінен қолданылып келеді.

СНХ: КЕНЖЕБАЙ СМАҒҰЛ, ҚОЛӨНЕР ШЕБЕРІ: Бала күнімнен бастап, осы қолөнермен айналысып келе жатырмын. Ендігі менің мақсатым, халқымыздың келе жатқан ұрпаққа осы ерте көне замандағы ши орау тәсілін үйретіп, із қалдыру. Шиді қалай істеген деп сұрасаңыз, неше түрлі оюларын салып, киіз үйдің керегесінің артына туырлықтың арасында ұстайтын.

РКС: Жастарды еңбек тәрбиесіне баулу арқылы ұлттық қолөнерге үйрету – оқу-тәрбие үрдісінде қолданылып отыр. Қолөнерге студенттерді баулу елін, жерін, халқын сүю, салт-дәстүрін қадірлей білуге үйретеді. Жанайдар Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің «Кербез» мәдени интеллектуалды қыздар клубы мен Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті жанындағы көпсалалы колледжінің «Айғаным» қыздар клубының бұрымдылары шеберлік сағатына белсене қатысты.

СНХ: НӘЗИРА САЙЛАУ, Ж.МУСИН АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ ЖОҒАРЫ ҚАЗАҚ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНІҢ СТУДЕНТІ: Бүгін әжелеріміз көптеген қызықты қолөнерді үйретіп, көрсетті. Маған оның ішінде текемет басу қатты ұнады.

РКС: Алдағы уақытта Әжелер мектебінде «Ғибраты мол асыл әжелер», «Келін тәрбиесі-киелі тәрбие», «Әйел бақыты», «Өнегелі әже», «Шебер ана, еңбеккор бала», «Әжеден қалған асыл мұра» тақырыптарында кездесулер, ашық алаңдар мен шеберлік сағаттарын өткізу жоспарланып отыр.

МАҚПАЛ ЕРҒАЛИЕВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ