ДИКТОР: Бурабай аймағы түрлі сайыстарды өткізуге қолайлы. Әсем табиғат аясында демалыс күндері мұз айдынында жүгіруден жарыс өтті. Оған 600-ден астам қатысушы қатысып, бақтарын сынады. "BURABAY ICE 2024" байқауы трейлраннингтің шынайы жанкүйерлерін жинады деуге болады.

РКС: Қазақстанның Швейцариясына айналған өңірдің аязы мен желі, шыңылтыр мұзы нағыз сынақ алаңы. Десе де, жарысқа қатысушылар үшін оның бірде бірі қорқыныш сезімін ұялатқан жоқ. Спортшыларға жарыстың қашықтығын таңдау еркі берілді. 7, 14 және 21 шақырымға жүгіру, скандинавиялық әдіспен жүрудің қашықтығы 7 шақырым.

СНХ: ПАВЕЛ ТЕНЦЕР, ЖАРЫСТЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Бұл шара бұқаралық спортты, оның ішінде жүгіруді насихаттауға бағытталған. Әсіресе, ішкі туризмді қыс мезгілінде танымал етуді қолға алған жақсы. Көпшілік жұрт қысқы уақытта спорт онша дамымаған деп ойлайды, шын мәнінде біз осындай әдемі жерлердің бар екенін, мұздың үстінде де жүгіруге болатынын көрсеткіміз келді. Бұл қатысушылар үшін өте ерекше шара.

РКС: Спортшылар арасында АҚШ, Ресей, Ұлыбритания, Франция, Италия, Өзбекстан, Үндістан елдерінен, сондай-ақ Қазақстанның барлық облысынан өкілдер болды. Биылғы жарысқа ультра қашықтықта чемпион атанған үндістандық Сандип Кумар келді. Ол жарыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті. Шетелдік спортшы экстремалды температура мен климатқа тәнті болып, табиғи саябақтың әсемдігіне таңданды.

СНХ: САНДИП КУМАР, ЖАРЫСҚА ҚАТЫСУШЫ (ҮНДІСТАН): Бұл мен үшін ерекше тәжірибе. Мен өз елімде көптеген жарысқа қатысып, чемпион атандым. Мұздың үстімен бірінші рет жүгіріп көруім, сол себепті кейбір жерде ыңғайсыздықтар болды. 30 градус аязда қиынырақ болды, бірақ мен жүгіруді тоқтатқан жоқпын. Мен үшін сынақ болды. Бірнеше рет құлап та үлгердім. Бірақ мұндай жарыс өте қызық. Менің көптеген достарым да қатысқысы келеді. Мұнымен тоқтап қалмай, алдағы уақытта да қатысуды жоспарлап отырмын.

РКС: Мәреге жеткен барлық желаяқ медальдармен марапатталды. Қашықтықта бірінші орын алған қатысушылар да жүлдесіз қалған жоқ. Алдағы уақытта бұл жарыс дәстүрге айналмақ.

АЙЫМГҮЛ НАЗАРОВА, ЗАРИНА БЕКҚАЛИЕВА, ӘЛІШЕР ШАКУБАЕВ, КӨКШЕ АКПАРАТ