ДИКТОР: 2021-2025 жылдарға арналған Ақмола облысының даму жоспары қалай жүзеге асырылуда? Осыған орай облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиясында аймақтағы аудандардың осы жоспарға сай атқарып жатқан жұмыстары сараланды. Бұл жолы Жақсы, Есіл және Жарқайың аудандарының әкімдері есеп берді.
РКС: Жарқайың ауданы бойынша даму жоспарына сәйкес 73 мақсатты индикаторды орындау қарастырылған. Оның 54-і ғана орындалып, 14 көрсеткіш бойынша жұмыс ақсап тұр. Соның ішінде салаға инвестиция тарту көлемін арттыру, ауыл шаруашылығы саласындағы ішкі жалпы өнім көлемін 2019 жылмен салыстырғанда біршама ұлғайту, субсидия көлемін арттыру есебінен ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуды көбейтуге қатысты жұмыстар кенжелеп қалған. Өзге де кемшін түсіп жатқан тұстар бар.
СНХ: ЖАНБОЛАТ ХАМИТОВ, ЖАРҚАЙЫҢ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ: Азық-түлік өнімдерін өндіруге негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі жоспар бойынша 1,6 млрд. теңге. Ауданда өнімді қайта өңдеуге қатысты жобалар қарастырылмаған. Сондай-ақ, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіп кешені саласына жұмысқа келген мамандардың тұрғын үй сатып алуға немесе салуға бюджеттік кредит алғандары жоқ. 1 маман еді жоспар бойынша. Оның өзінде бұл жоспар орындалған жоқ. Отбасы банкі арқылы бюджеттік кредит алуға өтінім берілмеген. Біз өз тарапымыздан ауылды жерлерге жұмыс істеуге келген мамандарды баспанамен қамтимыз.
РКС: Есіл ауданы бойынша да жағдай мәз емес. Былтыр 73 бағыт бойынша жоспар орындалуы тиіс еді. Азаматтардың әл-ауқатын, тұрмыс тіршілігін жақсарту бағыты бойынша 30 бағыттың 23-і ғана жүзеге асырылған. Қуатты экономика бағыты бойынша 16 индикатор ғана орындалды.
СНХ: АСҚАР МАҚСҰМХАН, ЕСІЛ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ: Есіл ауданында ауыл шаруашылығы экономиканың күретамыры саналады. Былтыр бұл салада егіннің шығымдылығы нашар болды. Ал ол өз кезегінде негізгі капиталға тартылған инвестицияның көлеміне кері әсерін тигізді.
РКС: Айта кету керек, ауыл шаруашылығындағы негізгі капиталға тартылуы тиіс инвестицияның көлемі жоспар бойынша 12,3 миллиард теңге еді. Ал, сайып келгенде соның жартысы ғана орындалған. Былтыр Есіл ауданына қарасты Ақсай, Игілік, Заречное, Знаменка, Красивое ауылдарындағы сумен жабдықтау жүйесі мен су құбыры желілері жаңғыртылды. Бірақ, Знаменка, Заречное және Красивое ауылдарындағы жұмыстар биыл толығымен аяқталады. Оған қосымша 615 миллион теңге қарастырылған. Жақсы ауданы былтыр жоспарланған бірнеше жобаны қаржының тапшылығына байланысты орындай алмаған. Есеп беруге келген аудан әкімінің міндетін атқарушы Бахтияр Қасенов депутаттар мен комиссия мүшелерінен қосымша қаржы қарастыруды сұрады.
СНХ: БАХТИЯР ҚАСЕНОВ, ЖАҚСЫ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ: Былтыр Жақсы ауылында 27 пәтерлі тұрғын үй құрылысы аяқталмай қалды. Оған 246 млн теңге қаражат қажет болды. Биыл оны аяқтау үшін облыстық бюджеттен 150 миллион теңге қарастырылды. Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына қалған соманы бөлу туралы бюджеттік өтінім жібердік. Жоба толығымен қаржыландырылса, жылдың аяғында нысанды тапсыруды жоспарлап отырмыз.
РКС: Комиссияда даму жоспарына қатысты игерілмеген бағыттар бойынша жұмыстарды жандандыру қажеттігі айтылды. Былтыр жүзеге асырылмай қалған жобалар биыл қайтадан қарастырылып, әрі қарай жоспарға сай қолға алынбақ.
РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ