ДИКТОР: Көкшетауда ағартушы, ұлт жанашыры Санжар Керімбайдың «Өзбекәлі және мәдени майдан» кітабының таныстырылымы өтті. Жаңа туындыда ұлы этнограф Өзбекәлі Жәнібековтың өмір жолы мен қазақ халқының мәдениетіне қосқан өлшеусіз еңбегі туралы тың деректер баяндалған. Автормен жүздесуге 300-ден астам қонақ келді.

РКС: Кеңестік идеологияға қарамастан қазақтың тарихын, дәстүрін кеңінен насихаттаған қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің ұлт мәдениетіне қосқан үлесі аз емес. Тайқазанды қазаққа қайтарып, Қожа Ахмет Яссауи кесенесін қалпына келтіруді қолға алған жанашыр. Қазақ тіліне деген құрметі де ерекше еді. Сонымен қатар, Алаш зиялыларын ақтап алуға, қазақ елінің арыстарын елге танытқан азаматтардың бірі ретіңнде елінің есінде сақталып қалды. Өзбекәлі Жәнібековтің өмір жолын тереңінен зерттеп, зерделеп жазған Санжар Керімбай.

СНХ: САНЖАР КЕРІМБАЙ, «ӨЗБЕКӘЛІ ЖӘНЕ МӘДЕНИ МАЙДАН» КІТАБЫНЫҢ АВТОРЫ: 2022 жылдың тамыз айында осындай 50 тұлғаны іріктеп алғанбыз. Өңірлерге насихаттайық деп. Содан ғайыптан тайып, Өзбекәлінің кезегі келіп қалады да, сәтін салды деп айтайық. Бұл кісіні көзі көрген куәгерлердің әлі тірі болуына байланысты, тірі деректерді жинап алайық деген асығыстықпен Өзбекәлінің бұрын алға шығатыны себебі сол.

ИНТЕРШУМ: лекциядан үзінді

РКС: Санжар Керімбайдың қаламынан үзілген туындылардың ішінде даналық пен болмыстың, салт пен дістүрдің, тарих пен тілдің жалпы айтқанда өмір құндылықтары айқын бейнеленген. «Отбасы хрестоматиясы» жобасы, яғни құнды әдебиеттер тізбегінің қоры бұған дәлел. Бүгінде автор бұл жобаның жетекшісі. Кітаптардың жалпы тиражы 150 мың данадан асады.

СНХ: АРМАН ТОҒЫЗБАЕВ, «ОТБАСЫ ХРЕСТОМАТИЯСЫ» ЖОБАСЫНЫҢ ӨКІЛІ (АСТАНА): Бабадан қалған асыл мұра, құтты қазына ол кешегі тарихи тізбек. Тұлғалар алтын көпірі. Дәл бүгінгі күн жастарға, кешегі күн, бүгінгі күн, ертеңгі күніне ой санасын оятатын үлкен жалау деп білеміз. Келешек ұрпақ өздерінің тұлғаларын танып білу керек. Бүгінгі көрермен залы 320 орын лық толы. Оның 80 пайызы жастар. Студенттердің қанаттары қатайып, бүгін жай ғана мативация алғандай емес, мәңгі жүрегіне от қуатын, шоқ болып үнемі қызып тұратын жүректеріне жол табатын керемет кеш болып жатыр.

РКС: Қала жастары бұл шараға үлкен жауапкершілікпен атсалысты. Өнерлерін ортаға салып, елді тәнті етті. Сондай-ақ, кездесуге келген жас буын өкілдері сүттей ұйып, автордың әр сөзіне құлақ аса, қызығушылықпен тыңдады.

ИНТЕРШУМ: Санжар Керімбайға арнау

СНХ: АЯУЛЫМ БАУЫРЖАНОВА, Ш.УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТІ: Бұл іс-шараға келуіміздің себебі Санжар Керімбай туралы біліп, сол кісінің шығармашылығымен, өмір жолымен танысу мақсатында келдік. Кітаптың таныстырылуын білгіміз келіп, осы кісінің шығармасын біз жастар бірінші болып танып таныссақ, келер ұрпаққа да біздің береріміз көп болады деген ойдамыз.

РКС: «Өзбекәлі және мәдени майдан» кітабы 5 мың данамен жарыққа шыққан. Бүгінде осындай іс-шара еліміздің түкпір-түкпірінде жалғасын таппақ. Кездесу соңында ақмолалықтар автормен естелік суретке түсіп, қолтаңба алып тарқасты.

РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ДАРХАН МҮЖІБАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ