ДИКТОР: Еліміздің бірнеше өңірінде соңғы екі тәулік бойы қыс қаһарына мініп алды. Ақмола облысында да дауылды ескерту жарияланды. Соған қарамастан жолға шыққан жолаушы көп. Бірнеше күн көлікпен ұзақ сапарға шықпау туралы ескертілгенімен, оған құлақ асып жатқан халық жоқ. Қазгидромет мамандары секундына 30 метрге дейін қатты жел тұратынын, қар аралас жаңбыр жауатынын ескерті. Жолдар көктайғақ.

РКС: Жолға шыққан жолаушылардың көбі елдімекендерден ұзап кетіп, қар құрсауында қалып қойған. Өте қауіпті жағдайға тап болғанда, қашан да көмекке құтқарушылар келеді. Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің дағдарыс жағдайлары басқармасының базасында жедел әрекет ететін арнайы штаб жұмыс істейді. Бір тәулік ішінде ақмолалық құтқарушылар 26 адамды қар құрсауынан шығарып, жылыту пункттеріне жеткізді. Құтқарылғандардың арасында Ресейдің 3 азаматы, 1 бала мен 1 жүкті әйел болды. Мал тасымалдап келе жатқан 2 КамАЗ көлігінеде дер кезінде көмек көрсетілді. Малдарға шөп жеткізілді.

СНХ: ЕРКЕН БЕРЛІБЕКОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ЖӨНІНДЕГІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСТЫҒЫ: Ақпанның 7-сі мен 9-ы аралығында республикалық маңызы бар 20 және облыстық маңызы бар 38 жол учаскесі жабылып, барлық көліктер үшін қозғалысқа шектеулер енгізілді. Төтенше жағдайлар қызметі облыс жолдарында қалып қойған жолаушыларға көмек көрсету үшін 13 рет трассаға шықты. 87 адам құтқарылды. Оның 4-еуі бала. Барлығы жылыту пункттеріне жеткізілді. Қазіргі уақытта республикалық маңызы бар 16 және облыстық маңызға ие жолдардың 38 учаскесі жабық. Облыс бойынша 268 жылыту бекеті дайындалды. Қазір ол жерге 52 адам орналастырылған.

РКС: Кеше түнде Жақсы ауданы төтенше жағдай қызметінің құтқарушыларынан Терісаққан ауылының әкімі көмек сұраған. 11 жасар баланы ауруханаға шұғыл түрде жеткізу керек болған. Бірден көмекке ұмтылған құтқарушылар ауа райының қолайсыздығына, жолдың жоқтығына қарамастан 120 шақырымды еңсеріп, ауылға шұғыл жетеді. Арнайы техниканың көмегімен ауылға медицина қызметкерін де ала келген. Сөйтіп, баланы уақытылы ауруханаға жеткізді. Қазір жағдайы бірқалыпты. Дәрігерлер баланы операцияға дайындап жатыр.

МАҚПАЛ ЕРҒАЛИЕВА, ЭЛЬНУРА КАРБАЕВА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, ЕРСАЙЫН ҚОЙШЫБАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ