ДИКТОР: Цифрлық қызметтер мен инфрақұрылымды дамыту еліміздің ұлттық басымдығының қатарында. Заманауи технологиялар қазақстандықтар өмірінің барлық саласына еніп келеді. Соңғы уақытта Ақмола облысы цифрландыру мен нотариаттық қызмет көрсету бағытында табысқа жетуде.

РКС: Мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру азаматтар үшін жасалып отырған жаңашылдық. Халыққа қызмет көрсету орталықтарының немесе мемлекеттік органдардың табалдырығын тоздырмай-ақ қызмет түрін алуға мүмкіндік береді. Тіркеу және жер кадастры бөлімінің жұмысы қызметтерді цифрландырудың бір мысалы. Бұдан бөлек, мұнда жылжымайтын және жылжымалы мүлікті тіркеу жүзеге асырылады. Бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйе арқылы департамент айына 2 мыңға жуық онлайн тіркеу жүргізеді.

СНХ: АҚҚУ ӘЛЕНОВА, «АЗАМАТТАРҒА АРНАЛҒАН ҮКІМЕТ» МЕМЛЕКЕТТІК КОРПОРАЦИЯСЫ» КӨКШЕТАУ ҚАЛАЛЫҚ ТІРКЕУ ЖӘНЕ ЖЕР КАДАСТРЫ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ: Қызметтің бұл түрі қызметті алушы үшін өте ыңғайлы деп айтар едім. Ешқайда сабылудың қажеті жоқ. Мұның бәрі онлайн режимінде жүргізіледі. Яғни, нотариуста отырып, келісім жасалады. Сол жерде тіркелгені туралы бірден хабарлама келеді. Сондықтан, менің ойымша, бұл қызмет қызметті алушыға да, тіркеуші орган ретінде біз үшін де өте ыңғайлы. Арада еш байланыс болмайды. Бұл сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің де алдын алудың бірден бір тәсілі.

РКС: Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою Бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйенің артықшылығы ғана емес. Бір терезе қағидаты принципі бойынша қызмет алушыларға жасалған қолайлылық.

 СНХ: ГҮЛЖАН КУБИТАЕВА, ОБЛЫСТЫҚ НОТАРИАТТЫҚ ПАЛАТАНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ: Мәмілені нотариус өзі куәландырып, тіркеуге жібереді. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, былтыр Ақмола облысы бойынша жылжымайтын мүлікке қатысты 20 мыңға жуық мәміле жасалып, тіркелген. Бұл иеліктен шығару, сатып алу-сату, сыйға тарту, кепілге беру, айырбастау, жалға беру және тағы басқасы. Заңға сәйкес, міндетті мемлекеттік тіркеуден өту керек.

РКС: Елімізде «Цифрлы нотариат» мемлекеттік қызметінің жұмыс істей бастағанына бір жылдай болды. Осылайша сенімхаттардың жекелеген түрін рәсімдеу шарасын қашықтан онлайн форматқа көшірілді. Өңірдің нотариаттары цифрландырудың оңтайлы тұстарына оң баға беруде.

СНХ: ГҮЛЖАН БУКУШЕВА, НОТАРИУС: «Цифрлы нотариус» – қазір өте танымал қызмет түрі, оны халық жақсы қабылдап отыр. Бізге аптасына Қазақстанның түкпір-түкпірінен 20-ға жуық қоңырау түседі. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, өткен жылдың сәуірінен бастап, қызметтің осы түрі пайда бола салысымен Ақмола облысының нотариустары 860-қа жуық келісімдер мен нотариалды куәландырылған цифрлық сенімхаттар өңдеп, жасап, берді.

РКС: Еске сала кетейік, 2021 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев нотариалды куәландырылған құжаттардың электронды және қағаз нұсқасын баламалы ету туралы заңға қол қойды. Инновацияларды енгізу азаматтардың күту уақытын қысқартып, қызметтерді алуды жылдамдатады.

АЯНА КУЧУМОВА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, ӘЛІШЕР ШАКУБАЕВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ