ДИКТОР: Әлемге танымал каратэ жекпе-жегі өңірде жақсы дамыған. Бұл спорт түрінен әлемдік турнирлерде топ жарып, жеңіспен оралған чемпиондар да аз емес. Жасөспірімдер арасында кеңінен таралған жекпе-жекке қызығушылардың қатары да артып отыр. Көкшетауда алғаш рет 30-дан асқандарға арналған каратэ үйірмесі ашылды.

РКС: Спорттық каратэ федерациясының бастамасымен ашылған үйірмеге қазір 10-ға жуық адам қатысып жүр. Каратэ спортының қыр-сырын үйренуге ниет білдіргендер түрлі салада еңбек етеді. Иван Можаев кәсіпкер. Айта кету керек, оның 6 жасар қызы каратэ жекпе-жегінен әлем чемпионы.

СНХ: ИВАН МОЖАЕВ, КӘСІПКЕР: Жұмысымның басым бөлігі кеңседе өтеді. Сондықтан көп қозғалыс жоқ. Мені осында қызым жетелеп әкелді десем өтірік болмас. Қызым Арина Можаева каратэ-до шотоканнан әлем чемпионы. Былтыр Өзбекстанда осындай жеңіске жетті. Бәрі өз ырғағымен болуы тиіс деп ойлаймын. Бұл жерге біз олимпиада чемпионы болу үшін келген жоқпыз. Денсаулығымды ретке келтіруді мақсат етеміз. Біле білген жанға дәл осы спорт түрі адам денсаулығына өте пайдалы. Жасқа қарамастан айналысуға болатын спорттың түрі.

РКС: Аптасына 3 рет 1 сағаттан жаттығу өтеді. Десе де, жекпе-жектің бұл түріне енді ғана бой үйретіп жатқан қатысушылардың каратэ техникасын игеруге деген талпынысы жаман емес.

СНХ: РУСЛАН ДҮКЕМБАЕВ, СПОРТТЫҚ КАРАТЭ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: Салауатты өмір салтын ұстану және өзінің денсаулығына көп көңіл бөлу мақсатында бұл жобаның көп ықпалы мен көмегі тиеді деп ойлаймыз. Біз енді бұл жобаны ақмолалықтарға, жерлестерімізге әр жастағы азамат, азаматшаларға енді осындай үлгі ретінде көрсетіп жатырмыз. Біздің жобаға келіңіздер! Салауатты өмір салтын ұстанып, спортқа жақын болыңыздар. Осындай жобалар Ақмола облысында көп болсын деп айтқым келеді.

РКС: Спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстану үшін жасым өтіп кетті деп уайымдаудың қажеті жоқ. Өйткені, спорт жас талғамайды!

РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ