ДИКТОР: Жыл басынан бері арнайы салық режимін қолдануға рұқсат берілген қызмет түрлерінің тізімдемесі кеңейді. 15-ші қаңтардан бастап коммерцияның 364 түріне қатысты жеңілдікті пайдалануға болады. Бұрын бұл тізім 200-ге жетпейтін. Бұл өзгеріс шағын және орта бизнес өкілдеріне салықтық жүктемені төмендетуге бағытталған. Ақмола облыстық кәсіпкерлер палатасы жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп бөлшек салық мөлшерлемесін төмендетуге қатысты жұмысты жалғастыруда.
РКС: Еске сала кетейік, бөлшек салықтың арнайы салықтық режимі өткен жылдың 1-ші қаңтарында енгізілді. Ол жеке тұлғаларға сату кезінде 4 проценттік мөлшерлеме ретінде төленеді. Ал заңды тұлғалармен келісім-шарттар жасасқан кезде 8 процент болады. Оған 200-ден кем емес қызметкері бар салық төлеушілер жатады. Сонымен бірге күнтізбелік жылда олардың табысы 600 айлық есептік көрсеткіштен аспауы тиіс. Ол шамамен 2 миллиард теңге шамасында. Олар қосымша құн салығын төлеуден босатылады. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында бұл бастаманың сұранысқа ие әрі оң әсері бар екенін атап өтті.
СНХ: ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: Салықтық бақылау ісін толық цифрландырып, есептілік формаларын 30 пайызға қысқарту қажет. Салықтың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің санын кемінде 20 пайызға азайту керек. Айтарлықтай түсім әкелмейтін төлемдерді толығымен алып тастап, қалғандарын біріктіруге болады. Бөлшек салықты енгізу мәселесі қажетті бастама болғанына көзіміз жетті. Осыны ескере отырып, Үкімет оны қолдану аясын екі есе кеңейтеді. Сондай-ақ үдемелі салық салуды енгізу жұмысын жеделдеткен жөн.
РКС: Өңірлік мәслихаттарға бөлшек салық мөлшерлемесін төмендетуге қатысты құқықтың тең жартысы берілген. Бірақ, мерзімнің өте тығыздығына байланысты бұл мүмкіндікті тек Қарағанды, Қызылорда облыстары мен Астана қаласы ғана пайдаланған. Бұл өңірлерде мөлшерлеме 2 процентке дейін төмендетілген. Үкімет те, кәсіпкерлік қауымдастық та салықтық жеңілдіктің оң әсер еткенін айтып отыр.
СНХ: ЕРҚАНАТ МҰСЫЛМАНБЕК, ОБЛЫСТЫҚ КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Бірлескен іс-әрекеттің арқасында нәтижелі болды деп айтуға болады. Өткен жылдың 12-ші желтоқсанында Президент салық заңнамасына қатысты кейбір заңдарға өзгерту енгізу туралы Жарлыққа қол қойды. Бөлшек салық мөлшерлемесін төмендетуді қабылдаудың мерзімділігіне қатысты 57-17-ші бапқа өзгерту енгізілді. Ол 31-ші наурызға дейін қабылдануы шарт. Біз аудандық және шағын қалалардың әкімшіліктері мен мәслихаттарға хат жібердік. Ол жерде біздің әріптес депутаттар өздерінің алғашқы отырыстарының күн тәртібіне осы мәселені енгізіп, оң шешім шығаруды сұрадық.
РКС: Бөлшек салылықты жаппай енгізу мен мөлшерлемесін төмендету кезінде бизнестің дамуына оң ықпал етпек. Өңірлік кәсіпкерлер палатасы сарапшыларының болжамы осындай. Енді жергілікті мәслихат осы жылға арналған мөлшерлемені төмендету туралы шешімді 31-ші наурызға дейін қабылдауы тиіс. Ал одан арғы жылға осы жылдың 1-ші желтоқсанынан кешіктірмей шешім қабылдануы шарт. Бұл ең алдымен қолайлы салықтық ортаны құруға жасалатын қадам деп отыр мамандар.
СӘНИЯ ЖАҢБЫРШЫ, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ