Қыстың көзі қыруда, Көкшетауды көктайғақ басты! Қар аралас жауған жаңбыр, ауа температурасының күрт төмендеуі жолды айнадай жалтыратты. Салдарынан жазатайым сүрініп кетіп, құлап, зардап шеккендердің саны артуда. Кешеден бері қалада жол – көлік оқиғалары орын алып, ауруханаға түскендер көп. 

Облыс орталығының көшелері сырғанаққа айналды. Қозғалыс қиындады. Бірнеше қоғамдық көлік жолдан шығып кетті. Ал жұмыстарын жалғастырғандар – жүру кестесінен ауытқыды. Қала тұрғындары болса, коммуналдық қызметтің жұмысына көңілдері толмай отыр. 

Кеше ғана коммуналдық қызмет өкілдері дайындықтарын пысықтап, техникамыз сақадай сай, ешқандай мәселелер туындамайды деп сендірген болатын. 

Ал, түйінді түйітіклдер таусылар емес. Қолайсыз күн райына байланысты автокөлік жолдары жабылды. Айта кетейік, облыс аумағында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 23 блок-пост құрылған. Автомагистральда қар тазалайтын 20 бірлік, ал қалған жолдарда 27 бірлік техника жұмылдырыған. 

Екі күндік көктайғақ салдарынан ауруханаларға түскендердің саны күрт өсті. Медицина қызметкерлерінің айтуынша, күніне 30-ға жуық адам дәрігер көмегіне жүгінеді. Сондай-ақ, сырғанаққа байланысты қала мектептерінде  сабақ  тоқтады. 

Қазіргі уақытта жағдай тұрақталуда. Синоптиктердің болжауынша, мұндай ауа райы апта соңына дейін сақталмақ. Кейін, термометр бағаны тағы төмендейді,- деп күтілуде. 

Г. Ахметова, С. Көпжасарова, Д. Сағын