ДИКТОР: Қазақтың дәстүрлі әншілік өнерін, халық музыкасын жаңа белеске көтеріп, өз шығармаларымен толықтырған ірі тұлға, ақын Біржан сал Қожағұлұлының 190 жылдығы атап өтілді. Композитордың мерейтойы аясында облыстық Әдебиет және өнер музейінде әдеби-сазды кеш ұйымдастырылды.
РКС: Біздің заманға Біржан салдың 60-қа жуық әні жеткен. Оның әндері нәзік сезімді, сұлулықты жырлаған сыршылдығымен қоса, әлеуметтік мән-мазмұнымен де құнды. Сарамен айтысы оны дарынды, суырыпсалма ақын ретінде дүйім елге танытты. Біржан салдың ақындық өнерінің өріс ашып, өрби түсуіне Сара, Әсет, Доскей сияқты қатарлы тұтас бір сала буын игі әсерін тигізген.
СНХ: НҰРБЕК НҰРАЛЫ, ОБЛЫСТЫҚ ӘДЕБИЕТ ЖӘНЕ ӨНЕР МУЗЕЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: Бүгінгі кеш бабамыз, композитор, алты алашқа аты шыққан атақты Біржан бабамыздың 190-жылдық торқалы тойына арналып отыр. Мұндағы мақсатымыз, бабамыздың әнін, зерттеп, зерделеп, халыққа насихаттау. Біржан сал, Үкілі Ыбырай бар екенін көрсету. Әнші, композиторлардың өнерін, өмірін, өнегесін болашаққа ұрпаққа көрсету.
РКС: «Баласы Қожағұлдың Біржан салмын» әдеби-сазды кешіне қазақтың сал-сері ақындарының ұстазы, жанашыр өнерпаздың ұрпағы да шақырылды.
СНХ: МАРАЛ ТЕМІРТАСОВ, БІРЖАН САЛДЫҢ ШӨБЕРЕСІ: Руымыз Ақ сары, Керей. Бертістен тараймыз. Бертістен ұл туған. Қожағұл, Қожамқұл, Ақшуақ, Жаншуақ, Байшуақ. Өзім Қожағұлдан тараймын.Тұрлыбайдан Біржан, Біржаннан Теміртас туады. Теміртастан Мұхамметқали тараған. Мұхамметқалидан мен боламын.
РКС: Аталмыш іс-шара зиялы қауым өкілдері және студенттер арасында өтті. Қойылған басты мақсат – ұлттық салт-дәстүрді ұлықтау, рухани құндылықтарды сақтау, арттыру және насихаттау.