ДИКТОР: Облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде әкелі-балалы Сәкен және Данияр Рахымжановтардың жемісті еңбек етіп жүргеніне біраз жыл болды. Осы мерзімде мыңдаған каратешілер қанат қағып шықты.

STAND-UP: ҚАЛЫМБЕК МҰХАМЕДЖАНОВ, ТІЛШІ: Астанада өткен Әлем чемпионатында әкелі-балалы бапкерлердің шәкірттері жеті алтын, жеті күміс, жеті қола медаль жеңіп алды.

РКС: «Спортта өз қабырғаңда көмектеседі» дейтін қағида бар. Астанада өткен Фунакоши-Шотаканнан Әлем чемпионатына жан-жақты дайындықпен барған жерлестеріміз жанкүйерлердің қолдауында сезінді. Сөйтіп татами үстінде жасында жарқырады.

СНХ: ДАНИЯР РАХЫМЖАНОВ, БАПКЕР: Әр жарысқа тыңғылықты дайындықпен барсаң түпкі нәтижесін көресің. Осы жолғы Әлем чемпионатында сол маңдай тердің жемісіне қол жеткіздік. Әр салмақ дәрежесіндегі спортшыларымыз татами үстінде нағыз ерлерше шайқасты. Бұл бапкерлерді тіптен жігерлендіріп, еңбегінің еселеуіне септігін тигізеді.

РКС: Бапкерлікпен қатар татами үстінде тер төгіп жүрген Әділ Тәшім Әлем чемпионатында тамаша өнер көрсетті.

СНХ: ӘДІЛ ТӘШІМ, ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ: Осынау жауапты жарысқа әкелі-бабалы Сәкен мен Данияр дайындап апарды. Мен де шәкірттермен бірге өнер көрсеттім. Әр кездесу оңайға соқпады. Тәжірибемнің арқасында жеңіске жеттім.

РКС: Данил Кондратов өз салмақ дәрежесінде күміс медальға ие болды. Ол Әлем чемпионатында карате мамандарының назарына ілікті. Көкшетау қаласындағы №6 орта мектептің озат оқушысы Сейдахмет Болатов осынау байрақты бәсекеге тұңғыш рет қатысып, қанжығасына қола медаль салды.

СНХ: СЕЙДАХМЕТ БОЛАТОВ, ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ ҚОЛА ЖҮЛДЕГЕРІ: Інім Әлен екеуміз каратемен бірге айналысамыз. Сәкен және Данияр ағайлардың қарамағына ауысқалы біраз спорттық жетістікке қол жеткіздік. Әлем чемпионатына қатысу мені тіптен жігерлендіре түсті. Татами үстінде талай елдің каратешілермен кездестім. Алдағы жарыстарға тыңғылықты дайындалып жатырмын.

РКС: Әлем чемпионатынан табысты оралған спортшыларымыз кезекті жаттығуларына қызу кірісіп кетті.

ҚАЛЫМБЕК МҰХАМЕДЖАНОВ, ӘЛІШЕР ШАКУБАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ