ДИКТОР: Қазіргі таңда, облыс бойынша 29 мыңнан аса мүмкіндігі шектеулі жан бар. Оның 3 мыңнан астамы балалар. Соңғы бес жылда мүгедектерге көрсетілетін әлеуметтік оңалту құралдары және қызметтерге қажетті қаржыландыру сомасы 3 есеге артқан. Сонымен, мүмкіндігі шектеулі жандарға нақты қандай көмектер көрсетіледі. Келесі бейнематериалдан біле аласыздар.
РКС: Бірінші шілдеден бастап жаңа Әлеуметтік кодекс күшіне енді. Ол жерде гигиеналық заттардың нормасын арттыру, ерекше балаларды 14 күнге санитарлық-курорттық емдеу орталықтарына жіберу тағы басқа бірнеше жаңашылдықтар көрсетілген. Бұдан бөлек, мүгедектігі бар адамдарды қолдау аясында үйлерге барып әлеуметтік қызмет көрсету жағы да біржолға қойылды.
СНХ: ШОЛПАН РАХМАТУЛЛИНА, ОБЛЫСТЫҚ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАРДЫ ҮЙЛЕСТІРУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Бүгінгі таңда, үйлерге барып әлеуметтік қызмет көрсететін 26 бөлімше мен 50 қызмет түрі бар. 553 әлеуметтік қызметкер 3 мыңға жуық адамға көмектеседі. Олардың ішінде 258 ересек, 196 мүгедек бала бар. Бұл мақсатқа мемлекеттік бюджеттен 1,7 миллиард теңге қарастырылған.
РКС: Соңғы жылдары мүгедектерді еңбекпен қамту жақсарып, мүмкіндігі шектеулі жандардың белсенділігі артуда. Мәселен, облыс аудандарында жұмыс істейтін Инватакси қызметінің көмегіне 300-ден астам адам жүгінген. Автопарк те жаңартылуда. Ақкөл ауданы мен Көкшетау қаласы үшін мамандандырылған 2 көлік сатып алынған. Сондай-ақ, барлық ауданда әкімдердің мүгедектік істері жөніндегі кеңесшілерінің институты жұмыс істейді.
СНХ: ШОЛПАН РАХМАТУЛЛИНА, ОБЛЫСТЫҚ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАРДЫ ҮЙЛЕСТІРУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Институттың мақсаты: мемлекеттік органдармен тығыз байланыс орнату, мүгедектігі бар жандардың мәселелерін уақытылы және тез шешу. Сондай-ақ, мемлекеттік органдардың, денсаулық сақтау, білім, еңбек комитеті және әлеуметтік қорғау департаментінің, аудандық, қалалық еңбекпен қамту бөлімдері өкілдерінің қатысуымен оныншы желтоқсан ашық есік күнін өткізіп, мүмкіндігі шектеулі жандарды мазалайтын мәселелерді талқылайтын боламыз. Біз бұл шараны жуырда ғана қолға алдық, дегенмен, күні бүгінге дейін 8 кездесу өткіздік.
РКС: Еңбекпен қамтуға қатысты да ауқымды іс-шаралар жүзеге асырылуда. Ведомство өкілдері мүмкіндігі шектеулі жандардың екі қолға бір күрек табуы үшін түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, бос орындар бойынша хаттар жолдайды. Осылайша, бүгінгі таңда, облыста 291 мүгедек еңбекпен қамтылған. Айта кеткен жөн, мүмкіндігі шектеулі жандарға жұмыс берушілер кедергісіз ортаны қалыптастыруға қажетті шығындарды өтеу үшін мемлекеттен субсидия ала алады. Биыл бұл мақсатқа 20,7 миллион теңге бөлінді.
ФАРИЗА АСЫЛБЕКОВА, ВАСИЛИЙ ПАВЛИДИ, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ КӨКШЕ АҚПАРАТ