ДИКТОР: Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты еліміздегі соңғы оқиғалар бұл мәселені шұғыл түрде шешуді талап етіп отыр. Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Берік Асыловтың төрағалығымен отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы мен қоғамдық орындарда құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы өтті.

РКС: Отбасылық-тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтардың жоғары үлесі әлі де жасырын болып қала береді. Оған ең алдымен бас жарылса бөрік ішінде принципі әсер етіп отыр. Екіншіден, жәбірленушілер қорқып, жасалған зорлық-зомбылық туралы жариялағысы келмейді. Отбасындағы зорлық-зомбылықты жою мақсатында заң алдында жауапкершілік артып, жаза қатаңдатылмақ. Келер жылдың 1-ші шілдесінен бастап арыздану жүйесі анықтау жүйесіне көшпек. Енді жауапкершілікке тарту үшін жәбірленушінің шағымы қажет емес. Айта кетейік, адам денсаулығына келтірген зардап үшін ауыр жаза қарастырылмақ. Демек мұндай фактілер енді ауыр қылмыстар санатына жатады.

СНХ: СӘКЕН СӘМЕТ, БАС ПРОКУРАТУРАНЫҢ ҚОҒАМДЫҚ МҮДДЕЛЕРДІ ҚОРҒАУ ҚЫЗМЕТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Егер сот бұрын отбасында ойран салатындарды 5 күнге, 10 күнге, 20 күнге дейінгі аралықта демек 2-3 күнге қамауға ала алса, енді 1-ші шілдеден бастап, қамауға алу мерзімі нақтыланды. Жасалған бұзушылықтың ауырлығына қарай 5,10,20 күннен кем болмайды. Тараптардың қайта татуластыруына тиым салынды. Бұрын жәбірленуші адам кінәлі адаммен бірнеше рет татуласатын. Қазір енді ұрыс-керіс қайталанса онда кінәлі адамға қатаң жаза қолданылады. Бірге тұрған адамдарды жүйелі түрде ұрып-соққаны үшін 4 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

РКС: Тек соңғы үш айда еліміз бойынша 27 мың отбасылық дебошир әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бүгінде қылмыстың бірнеше түрі қоғамдық орындарда орын алып жатыр. Оқиға орын алған мекеменің әкімшілігі жауапкершіліктен жалтару мақсатында құқық қорғау орындарына хабарласпайды және көп жағдайда жазасыз қалып жатқан жайы бар.

СНХ: МАРАТ ӘБІШЕВ, ҚР БАС ПРОКУРАТУРАСЫ ҚОҒАМДЫҚ МҮДДЕЛЕРДІ ҚОРҒАУ ҚЫЗМЕТІНІҢ БАСТЫҒЫ: Нұсқамаларды қорғау институтын дамыту керек деп санаймыз. Мысалға шетелде сот жәбірленушіге белгілі бір қашықтықта жақындауға тыйым салуы мүмкін. Сот актісін орындамау қылмыстық жауапкершілікке әкеледі. Сондай-ақ, көңіл көтеру орындарына қатысты нақты шаралар қабылдау керек деп есептейміз. Егер қоғамдық орында отырғандардың арасында жанжал туындай қалған жағдайда ол туралы хабарламағаны үшін сол мекеменің әкімшілігін жауапкершілікке тарту керек. Ол олардың әлеуметтік міндеті. Егер осындай құқық бұзушылық жиі қайталанса, онда ол мекеменің жұмысын уақытша немесе мүлдем тоқтату мәселесін қарастыру қажет. Бүгін біз осындай бастаманы Парламенттегі заң жобаларының бірі аясында депутаттарды шақыра отырып талқылауды ұсындық.

РКС: Тұрмыстық зорлық-зомбылық деңгейінің төмендеуі үшін зардап шеккендермен тиімді әлеуметтік жұмыс және жергілікті атқарушы органдар тарапынан жеткілікті қаржыландыру тікелей жасалуы тиіс. Бірақ, елдегі аудандардың 85 проценті дағдарыс орталықтарымен қамтылмаған. Былтыр 2800-ге тарта зардап шегушіге әлеуметтік қызмет көрсетілгенімен, олардың бейресми саны 38 мыңға жеткен. Қолайсыз отбасыларды анықтау тетігін жетілдіру жөнінде отбасын қолдау орталықтарын пайдаланудың тиімділігін зерделеп, шаралар қабылдау мақсаттары тұр. Отырыс соңында Бас Прокурор қоғамды және әрбір азаматты тәртіп орнатуда белсенді қолдаудың маңыздылығын атап өтті.

РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ