ДИКТОР: Облыс орталығындағы шеткі көшелердің кейбірінде кешкі мезгілде жүру мүмкін емес. Қас қарая берісімен тұрғындардың үйіне жетуі мұң. Өйткені, аялдамадан түсе бере тас қараңғы. Тұрғындар жарық мәселесінің қашан шешілеріне алаңдаулы. Мәселенің мән-жайын тілшіміз Сәния Жаңбыршы анықтап келді.

РКС: Қала көшелерін жарықпен қамтамасыз ету мәселесі өңірде әлі күнге дейін өзекті. Құсайынов, Қуанышев, Алтынсарин, Щучинская, Балуан Шолақ көшелеріндегі жекеменшік сектор тұрғындары проблемасын құзырлы органға айта-айта жалыққан. Жығылғанға жұдырық, жол белгілері де жоқ.

СНХ: АМИНАТ НОГОЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: 1992 жылдан бері Алтынсарин көшесіндегі жекеменшік үйде тұрып жатырмыз. Көше тас қараңғы. Қуанышев көшесінен Кенесары көшесіне дейін жарық өткізсе дейміз. Оған қоса, жол белгілері де жоқ. Былтыр асфальт төселді. Машиналар қатты жылдамдықпен, бір-бірін басып озады. Жол белгілерін қойып берсе дейміз.Балаларымыз үшін алаңдаймыз, біреу қағып кетсе, кімді іздейміз?

РКС: Облыс орталығының кейбір көшелерінде жарық болғанымен кей бағаналарда шамдары күйіп, сол күйі ауыстырылмай тұр.

STАND-UP: СӘНИЯ ЖАҢБЫРШЫ, ТІЛШІ: Дәл қазір мен Алтынсарин көшесі бойында тұрмын, өздеріңіз көріп тұрғандай жарық жоқ. Бұдан бөлек бұл мәселе қаланың басқа да көшелерінде өзекті. Жарық мәселесі толығымен қашан шешілмек?

СНХ: СӘКЕН НАЗЫРОВ, ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ, ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ, АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ: Көшелерге жарық орнатуға қатысты жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Атап айтсақ, биыл қаланың 150 көшесіне түнгі шамдар орнатылды. Щучинская, Қуанышев, Сарыарқа шағын ауданының көшелері Жаңа жылға дейін жарықпен қамтылады. Құсайынов көшесіне келсек, қазір жобалау-сметалық құжаттамасында дайын тұр. Бірақ, жоба қаржыландыруға байланысты келер жылы қолға алынады. Қазір саябақтың аумағында жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Ол желтоқсанның алғашқы онкүндігіне дейін аяқталуы тиіс.

РКС: Биыл қала көшелерінің басым көпшілігіне жарық шамдары орнатылды. Десе де, жұмыс тыңғылықты жасалмай келеді, -дейды тұрғындар. Айта кетейік, жыл басынан бері көше шамдарын орнатуға қалалық бюджеттен 10 млн.теңге көлемінде қаражат бөлінген.

СӘНИЯ ЖАҢБЫРШЫ, ӘЛІШЕР ШАКУБАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ