ДИКТОР: Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің былтырғы оқу жылындағы қызметінің қорытындылары бойынша ректор Марат Сырлыбаевтың халық алдында есеп беру кездесуі өтті. Университет басшысы жұмыс қорытындылары, жоғары оқу орнының жетістіктері мен проблемалық мәселелері жөнінде баяндады.

РКС: Биыл Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті Корея, Америка, Испания және Ұлыбритания елдерінің жоғары оқу орындарымен тәжірибе алмасу аясындағы меморандумға қол қойды. Университеттің бір жылда жеткен жетістіктері өте көп.

СНХ: МАРАТ СЫРЛЫБАЕВ, Ш.УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ РЕКТОРЫ: Біріншіден, халықаралық рейтингте EECA деген рейтинг бар. Онда мына Шығыс Еуропа, орталық Азия елдерінің рейтингі есептеледі. Сонда біз 300 ең жоғары, мықты университеттер қатарында тұрмыз. QS Central Asia сонда 420 университет бар. Соның ішінде біз Шоқан Уәлиханов университеті 29-шы орында тұрмыз. Әрине, бұл үлкен жетістік. Біздің өзіміздің «Атамекен» рейтингі бар, сонда 38 білім беру бағдарламасынан біз 23 бағдарлама бойынша 1-ші ондықта тұрмыз. 6 білім беру бағдарламасы бойынша біз бірінші үштікте тұрмыз. Олда үлкен жетістік деп есептеледі. Тағы бір жетістіктеріміз былтырғы жылы 3 докторлық диссертация аштық. Біреуі – тіл әдебиетінен, екінші – агрономиядан, үшінші – экология бойынша. 5 докторлық диссертация қорғалды былтыр. Енді әрі қарай оны жалғастырамыз.

РКС: Есепті кездесу соңында ректор алдағы уақытта докторлық бағдарлама, диссертациялық кеңес құру жоспарда бар екенін атап өтті. Айта кетейік, осы оқу жылында 300-ге жуық «Алтын белгі» иегері жоғары білім алу үшін аталған университетті таңдапты. Университеттің жеткен жетістігімен қатар, проблема да бар. Оның бірі - жатақхана тапшылығы. Бұл мәселені шешу үшін университет өз қаражаты есебінен 500 орындық 2 жатақхана салып жатыр. Келер жылы жатақхана тапшылығын толығымын шешуге тырысамыз деп отыр жоғары оқу орнының басшылығы.

ЛАУРА ДӘУЛЕТБЕК, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ