ДИКТОР: Жыл сайын тамыздың бірінші жексенбісінде Қазақстанда көлік қызметкерлерінің күні аталып өтіледі. Бұл саланы таңдағандардың қатары көп. Өйткені дәл осы сала автомобиль, теміржол, су және авиациялық көлік қызметінің өкілдерін біріктіреді.
РКС: 1927 жылы 18 ақпанда Ақмола губерниялық компартиясының бюросы жоспарлау комиссиясына Щучинскіден Алексеевкаға дейін Макинск арқылы теміржол пунктін салу туралы мәселені әзірлеуді тапсырды. Ал 1929 жылы қарашада Макинка станциясы арқылы Ақмолаға алғашқы пойыз келіп, көп ұзамай жолаушылар пойыздарының тұрақты қозғалысы ашылды. Содан бері Макинка теміржол вокзалы өз жұмысын бастады. Серік Рысмұханов осы салада өзінің бүкіл саналы өмірінде жұмыс істеді.
СНХ: СЕРІК РЫСМҰҚАНОВ, ҚР ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ: Мен теміржолда 1978 жылдан бастап жұмыс істедім. Бұл станцияда менің ата-анам да еңбек етті. Біздің әулет ұрпақтар сабақтастығын жалғап келеді. Отбасымыздың еңбек өтілі-110 жыл. Әкем 40 жыл, анам 30 және мен 40 жыл жұмыс істедім. Мен қабылдаушы және аға қабылдаушы болып еңбек еттім. Күндізгі және түнгі ауысымда 12 сағаттан жұмыста жүрдік.
РКС: Макинка теміржол станциясы жұмыс сипаты бойынша "жүк тасымалдаушы" қызметін атқарады. Мұнда Макинка-Көкшетау-1 және Макинка – Астана екі бағытына жолаушылар және жүк поездарын қабылдап, жөнелтеді.
СНХ: МЕРУЕРТ ҚУАНДЫҚОВА, МАКИНКА СТАНЦИЯСЫНЫҢ КЕЗЕКШІСІ: Мен "Макинка" станциясының кезекшісі ретінде 20 жылдан астам жұмыс істеп келемін. Станция бойынша кезекшінің негізгі міндеті поездарды қабылдау, жөнелту және станция бойынша маневрлік жұмыстарды жүргізу, вагондардың жүк айналымын ұлғайту, жолаушылар поездарын қауіпсіз қабылдау. Міне, мен қашықтан басқару пультінде отырмын, бұл-станцияның орталық басқару пульті. Осы жерден барлық маневрлік және поездық жұмыстар жүргізіледі. Мұнда менің алдымда жолаушылар, жүк, маневрлік пойыздардың қайда бара жатқанын көрсететін табло бар
РКС: Дамыған көлік инфрақұрылымынсыз бүгінде халық өмірінің қалыпты ритмін қамтамасыз ету, өнеркәсіптік өсу туралы сөз қозғаудың өзі қисынсыз. Көлік саласы барлық уақытта өңірдің экономикалық және өнеркәсіптік дамуына, сонымен қатар сауда байланыстарын кеңейтуге негіз болып қала бермек.
НАЗЕРКЕ СЕЙІТОВА, ҚАЙЫРБЕК ТӨЛЕГЕН, АЙНҰР ҚАЛИЕВА, КӨКШЕ АҚПАРАТ