ДИКТОР: Білім беру саласын цифрландыру аясында осы жылдан бастап техникалық және кәсіптік, сондай-ақ орта білімнен кейінгі білім туралы дипломдар бланкіде QR-кодпен беріле бастады. Деректерді автоматты сәйкестендіру мен верификациялау немесе QR-код технологиясын қолдану жалған диплом жасаудан қорғауға және жұмыс берушілердің диплом түпнұсқалығын бірден тексеріп алуына мүмкіндік беретін жаңашылдық болып табылады. QR-код дипломның түпнұсқалығын тексеруге мүмкіндік береді. Ол құжаттың иесі жайлы деректер, оқу орны туралы ақпарат пен Ұлттық білім беру деректер қорынан алынған құжат деректемелері көрсетілетін мемлекеттік интернет-ресурсқа сілтеме береді. QR-кодта түлекті сәйкестендіруге мүмкіндік беретін мәліметтер: түлектің аты-жөні, ұйымның атауы, түскен, бітірген жылы, мамандығы мен біліктілігінің атауы, оқыту нысаны, дипломның сериясы мен нөмірі беріледі. 6 шілдеден бастап осы жылы беріле бастаған техникалық және кәсіптік білім туралы дипломдар туралы ақпаратты электронды үкімет порталындағы жеке кабинет немесе eGov электронды үкімет порталы мен eGov mobile қосымшасындағы цифрлық құжаттар сервисі арқылы немесе екінші деңгейдегі банктердің қосымшалары арқылы алуға болады. Биыл 140 мыңнан астам колледж түлектері QR-коды бар дипломдар алады.