ДИКТОР: Бүгін Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінде де түлектерге диплом табыстау рәсімі өтті. Түлектерге жоғары оқу орнын тәмамдағаны туралы дипломмен қатар, университет өміріне белсене араласқаны үшін грамоталар да табысталды. Ата-аналары алғыс хаттармен марапатталды.
РКС: Төрт жыл бойғы білімнің нәтижесіне қол жеткізіп, қолдарына диплом алу сәті әр түлек үшін толқынысты сәт. Кей түлек оқуын одан әрі магистратурада жалғастыруға ниеттенсе, басқалары мамандығы бойынша жұмысқа тұруды жоспарлап отыр. Ақмола облыстық сотының төрағасы Арман Жүкенов түлектерді бүгінгі қуанышты сәттерімен құттықтап, дипломдар табыстады.
СНХ: АРМАН ЖҮКЕНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСТЫҚ СОТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: Бүгінгі күнде жас түлектеріміздің бір жақсы кезеңі, өмірдегі маңызды күндердің бірі болып жатыр. Абай Мырзахметов атындағы университет біздің Көкше еліміздегі, Ақмола өңіріміздегі жетекші білім ордаларының бірі. Материалдық базасы да жоғарыт деңгейде. Ақмола облыстық сотымен бірге бізде қарым-қатынас меморандумы бар. Практика жөнінде алмасып, студенттерге көмектерімізді тигізіп жатамыз.
РКС: Биыл заңтану мамандығын 200-ге тарта студент аяқтаса, соның 27-сі қызыл дипломның иегері атанып отыр. Түлектердің ендігі мақсаты- мамандығы бойынша жұмысқа орналасып, жақсы маман иесі атану.
СНХ: ЖАНБОЛАТ ШӘКЕНОВ, УНИВЕРСИТЕТ ТҮЛЕГІ: 4 жыл бойы оқып, диплом алып жатырмыз. Алдағы уақытта дипломның жемісін көреміз деп ойлаймын. Мамандықтың иесі боп осы диплом арқылы. Алда болашақта магистратураға түсіп, магистрант алып, ары қарай өсуімді жоспарлаймын. Барлық студенттерге сәт сапар тілеймін! Өзінің мамандығының иесі болуына тілектеспін.
РКС: Университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы түлектермен қимастықпен қоштасқанын олардың жүзінен көруге болады. Білім ошағының қабырғасында алған білімдерін күні ертең шәкірттерінің кәсіби ортада іс жүзіне асыратындарына кәміл сенеді олар.
АҚМАРАЛ ҚҰСАЙЫНОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ