ДИКТОР: Әлемдегі ең бай адам Бернар Арно бір күнде 11,2 млрд долларынан айырылды. Бұл ең алдымен АҚШ экономикасының әлсіреуі сән-салтанат заттарына сұранысты төмендетеді деген қауіптен туындаған. Louis Vuitton, Moet & Chandon және Christian Dior сынды сауда маркалары енетін француздық трансұлттық компаниясының негізін қалаушы Б.Арноның байлығы биыл қарқынды өскен. Себебі сән-салтанат заттарын шығаратын еуропалық компания акцияларының құны да бірден артқан еді. Бірақ, осы аптаның ортасында жағдай аздап өзгерген. Парижде LVMH акциялары 5% арзандап кеткен. Осылайша, сән-салтанат заттарын шығаратын еуропалық сегмент бір күнде 30 млрд доллар жоғалтқан. Айта кетейік, Бернар Арно мен ғаламшардағы екінші дәулетті адам Илон Масктің байлығы арасындағы алшақтық 11,4 млрд долларға қысқарды.