ДИКТОР: Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында депутаттар Нұрлан Бекенов пен Талғат Жүнісов Премьер-Министрдің атына кезекті депутаттық сауалдарын жолдады. Онда Ақмола облысының тұрғындарын мазалап отырған күрделі мәселе көтерілді.
РКС: Сенаторлар Көкшетауда жаңа жылу электр орталығын салу туралы Президент тапсырмасы орындалмай келетінін алға тартты. 1978 жылы іске қосылған қазандықтар әлі күнге дейін жаңартылған жоқ. Облыс орталығында осыған дейін жылу және электр энергиясын өндіретін мекеме салынбаған. Сондықтан бұл қала бүкіл республика бойынша жылу және электр көзі жоқ жалғыз облыс орталығы болып отыр.
СНХ: НҰРЛАН БЕКЕНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ: Ақмола облысын әлеуметтік-экономикалық дамыту жөніндегі Президенттің 2019 жылдың қараша айындағы кеңесінде берген тапсырмасына сәйкес, Көкшетау қаласында жылу-электр орталығын салу мәселесін қарастыру тапсырылған болатын. Президент сондай-ақ 2023 жылдың ақпан айында Көкшетау қаласына барған кезде қала тұрғындарына берілген уәдені орындау қажеттігін айта келіп, орталық салуға кірісу туралы айтқан болатын. Осылардың нәтижесінде Қазақстан Республикасы Президентінің хаттамалық тапсырмасы 2019 жылдан бері неге орындалмайды және кешіктіріле береді деген сұрақ туындайды.
РКС: Депутаттардың айтуынша, былтыр наурыз айының соңында жылу-электр орталығының құрылысына тендер жарияланды, бірақ сәуір айында түсініксіз себептермен күші жойылған. Энергетика министрлігі өткен жылдың қыркүйегінде жаңа ереже әзірлеп, биылғы қаңтар және ақпан айларында тендер қайта жариялады. Бірақ онда бірде-бір талапкер қатыспаған. Халық қалаулылары сол кездің өзінде өткізілетін тендердің шарттары тартымсыз деген шұғыл тұжырым жасауға болатын еді деп санайды.
СНХ: НҰРЛАН БЕКЕНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ: «Көкшетауда жылу-электр орталығының құрылысына арналған тендерлік құжаттамаға сәйкес, генерациялау қондырғысы құнының жалпы көлемінен кемінде 30 проценті, ол 70 млрд теңгеден асатын сома өз қаржысы есебінен қаржыландыратын қаржы және материалдық ресурстардың болуын растау қажет. Ал инвестицияларды қайтару мерзімі 15 жылды құрайды, инфляцияны ескере отырып, бұл әлеует инвесторлар үшін тиімді емес.
РКС: Сенаторлар осыған байланысты жобаның тартымдылығын арттыру үшін тендерге қатысу ережелерін қайта қарау мәселесін көтерді. Депутаттардың пікірінше, елдің қаржы институттарын тарта отырып, инвестициялық шығындарды қайтарудың 5 жылдан аспайтын жаңа тетігін әзірлеу қажет. Сондай-ақ, Тендерді өткізу ережесін шұғыл өзгерту керек,-деп есептейді.
ГҮЛНӘР БЕКЕНОВА, ШЫҢҒЫС ЖҮСІПОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ, ПАРЛАМЕНТ СЕНАТЫ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ КӨМЕГІМЕН.