ДИКТОР: Биыл Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарындағы тергеу бөлімшелерінің құрылғанына 60 жыл толып отыр. Осыған орай әріптесім осы салада еңбек етіп жүрген қызметкерлермен кездесіп, қызығы мен шыжығы мол мамандықтың қыр-сырымен танысты.
РКС: Талғат Жұмановтың бұл салада еңбек етіп жүргеніне 30 жылға жуықтаған. Ол бала кезінен полиция қызметкері болуды армандапты. Ес білгеннен кейін де алға қойған мақсатынан таймай, жоғары оқу орнын аяқтаған соң осы саланы таңдаған. Алғашқыда қатардағы қызметкер болып жұмыс істеген ол адал еңбегінің арқасында білікті маман атанып, бүгінде жаңа буын өкілдеріне бағыт-бағдар беріп отыр. Алты онжылдықтың ішінде біршама өзгеріске ұшыраған жүйенің қыр-сырын жастарға түсіндіру-басты мақсат,-дейді ол.
СНХ:ТАЛҒАТ ЖҰМАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ ТЕРГЕУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ: Бұл мамандық, әрине, жан-жақтылықты қажет етеді. Шығармашылық жағынан да қарай білу керек. Заң бұзылған жағдайда дереу жұмыс істеп, не болғанын, неге орын алғанын барлығын қарастыру керек. Бүгінде көбі теория мен практиканың арасы жер мек көктей деп пікір білдіріп жатады. Алайда, мен онымен келіспеймін. Себебі, білікті маман болу үшін жоғары оқу орнында алған білімді дұрыс қолдану білу қажет.
РКС: Елімізде тергеу қызметінің қалыптасу және даму тарихы 1963 жылдан басталады. Осыдан 60 жыл бұрын 6 сәуір күні Қазақстанда тергеу органдары КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Қаулысымен Ішкі істер министрлігіне қабылданған. Содан бері тергеу қызметінің жүйесі біраз өзгеріске ұшырап, түрлі жұмыс атқарылды,-дейді сала мамандары.
СНХ: ФАРХАД ОМАРОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Өңірде бұл салада 165 қызметкер еңбек етеді. Қазіргі уақытта Ішкі істер министрлігі алдын ала тергеу органдарын жетілдіру, нығайту, қолайлырақ құрылым құру бағытында бірқатар шараны қолға алған. Өңірде қылмыстық істердің барлығы дерлік Е форматында тексеріледі. Осының арқасында қызметкерлерге қолайлы жағдай жасалды.
РКС: Аталмыш сала ішкі істер органдары жүйесінде ерекше орынға ие. Оның тарихы да тереңде жатыр. Дегенмен, қай кезде болмасын бұл салада өз тағдырын шыжығы мен қызығы бірге жүретін мәртебелі мамандықпен байланыстырған азаматтар жұмыс істейді.
ҰМСЫНДЫҚ НАУРЫЗБАЕВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, «КӨКШЕ АҚПАРАТ»