ДИКТОР: Соңғы жылдары Қазақстан түбегейлі жаңғыру мен трасформация жолына түсті. Қазір жаңа Қазақстанды құру қажет. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сүйене отырып, билік пен қоғамның жалпыұлттық келісімі, әріптестігі нығайтылады. 

РКС: Мемлекеттілікті одан әрі нығайту үшін ең алдымен бірлік қажет. Мемлекет басшысы халықтың ынтымақ-бірлігі бүгінгі таңда аса маңызды әрі ерекше маңызға ие болып отырған ең басты құндылық екенін атап өтті. Халық қашан да бейбітшілік пен тұрақтылықты бәрінен жоғары қояды. Сондықтан қоғам арасында алауыздық пен өзара сенімсіздік таратуды тоқтату қажеттігі де Жолдауда айтылған. 

СНХ: ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ,  ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: Еліміздің басты құндылығы – адам. Бұл – айқын нәрсе.  Сондықтан, ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру – реформаның басты мақсаты. Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды. Денсаулық сақтау саласында біраз реформа жүргізілді. Дегенмен, оның жағдайы әлі де мәз емес. Әрине, жылдар бойы қордаланған түйткілдер бір мезетте шешілмейді. Сондықтан, аса маңызды  мәселелерді ретке келтіруге баса мән берген жөн. Соның бірі – қаржыландыру жүйесі. Осы салаға қаржының жеткілікті бөлінбеуі қалыпты жағдайға айналған. Соның кесірінен, жұрт сақтандыру жүйесіне қосылса да, медициналық қызмет толық көлемде көрсетілмей отыр.Бүгінде медициналық көмек мемлекет кепілдік берген және сақтандыру пакеті деп екіге бөлінген. Ашығын айтсақ, мұндай жүйенің тиімділігі төмен. Тіпті, сақтандыру моделі тұрақсыз әрі жүйесіз дамуда. Бұл – үлкен олқылық. Ерікті медициналық сақтандыру жүйесін енгізетін уақыт әлдеқашан жетті.

РКС:  Медициналық көмектің мемлекет кепілдік берген көмек пен сақтандыру пакеттерінің жасанды бөлінуі жағдайды біршама қиындатып отырғаны белгілі. Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласындағы олқылықты сақтандыру моделінің жоқтығымен байланыстыратынын айтап өтті.  Сондықтан ерікті түрде медициналық сақтандыру жүйесін іске қосу қажет. 

СНХ: НҰРЛАН ӘЛІМЖАНОВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ:  Президент өз Жолдауында еліміздің азаматтары үшін жасалуы тиіс нақты шараларды атап өтті. Бұл менің пікірім ғана емес, туыстарым, әріптестерім, достарым да солай деп санайды. Біріншіден, зейнеткерлік жас қысқарды, бұл өте қуанарлық жағдай. Жалпы айтқанда, барлық бастамалар тек халық үшін жасалуы тиіс. Халықтың игілігінен асқан бақыт жоқ шығар, сірә. 

РКС: Сонымен қатар, телемедицина да дамымақ.  Ол шалғайдағы аудан тұрғындарына білікті көмек көрсетуге жол ашады. Отандық денсаулық сақтаудың бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін білікті дәрігерлер даярлау жүйесін одан әрі жетілдіру қажет. Көпбейінді университеттік ауруханалар мен клиникалар құрылмақ. 3 жыл ішінде резидентурада дайындауға арналған гранттардың жыл сайынғы үлесі 70 процентке  ұлғайтылады.

ЖАНЕРКЕ ТӨЛЕН, ӘЙГЕРІМ БЕГЕНОВА, МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, ӘМІР ҚОЙШЫБАЕВ. КӨКШЕ АҚПАРАТ