32 жыл бойы тек бір ғана ауруханада еңбек етіп, сол мекемеден зейнетке шыққан ақ халатты абзал жан, білікті дәрігер Нина Васильевна Попова жайлы сыр шертпекпіз. Ол Көкшетау қалалық ауруханасының гастроэнторолог маманы. Асқазан, ішек, бауыр ауруларымен науқастанған мыңдаған жанның дертінен айығуына жәрдем жасаған жан. Саналы ғұмырын тек бір бағытқа арнап, адалдығымен, кәсібилігімен ерекшеленген ақ халатты абзал жан жайлы әріптесім Раушан Сайлауқызы тарқатады. Бұл күн - Нина Васильевна үшін ерекше. Себебі, өзінің сүйікті жұмысымен қоштасып, кезекті демалысына шығады. Толқу да бар. Қобалжу да, қимастық та басым. Десе де уақыт ағымына бағыну мүмкін емес. Білікті дәрігер - Целиноград ауданының тумасы. "Емдеу ісі" мамандығы бойынша 1985 жылы жоғары оқу орнын аяқтайды. Сол жылы шаһардағы қалалық ауруханада интернатура өтіп жүріп, келер жылында гастроэнторология бөліміне жұмысқа қабылданады. Содан бері ақ халатты жан бір ізден тайған емес. Бір ғана салада, бір ғана бөлімде қатарынан 32 жыл еңбек етті. Нина Васильевна жоғары білікті маман. Теориялық та, іс жүзіндегі де тәжірибесі мол. Емделушілерге дер кезінде көмек жасап, мыңдаған науқастың аяқтан тұрып кетуі үшін барын салды. Жұмысына салмақтылықпен қарап, емдеудің тың тәсілдерін қолдана білді. Ұжымына сыйлы да, абыройлы. 2004 жылдан бері асқазан-ішек жолдары ауруымен науқастанып, жоспарлы түрде үнемі емделетін Виктор Григорьев те ақ халатты абзал жанның білімді адами қасиетіне жоғары баға беріп отыр. Денсаулық саласына сіңірген еселі еңбегі үшін Нина Васильевна 2009 жылы Ақмола облысы әкімінің алғыс хатымен марапатталған болатын. Бұдан бөлек, басқарма, қалалық аурухана басшылығы тарапынан да берілген мадақтамалар жетерлік. Айта кететін жайт, кейіпкеріміздің жұбайы да дәрігер. Бір ұлы мен бір немересі бар. Ендігі кезекті солардың қызығына бөленіп, бақытты әже атансам армансызбын,- дейді ол.
Раушан Сайлауқызы