Облыстық қан орталығында алғаш рет өңірдегі 30-ға жуық медицина мекемелерінің басшылары қан тапсыру акциясына қатысты. Айтулы шара 14 маусым күні жыл сайын аталып өтілетін халықаралық донорлар күніне орай ұйымдастырылып отыр. Облыстық қан орталығы мұндай шараларды өңірдегі әр сала мамандары арасында жиі өткізіп тұрады. Кезекті акцияның ерекшелігі сол – медицина қызметкерлерімен бірге сол мекеменің басшылары да қатар қатысып отыр. Жалпы, соңғы бір жыл көлемінде орталыққа 15 мыңдай донор келген. Ал бас дәрігерлер аталған акция алдағы уақытта ауқымды түрде өтсе деген тілек білдірді. Өйткені қай уақытта болмасын, донорлар аса қажет. Осындай акцияға тек аталған сала қызметкерлері ғана емес, кез-келген азамат қатыса алады. Бәлкім әлдекімнің өмір мен өлімнің, қыл үстінде тұрған тағдыры сіз бен біздің қолымызда болуы әбден мүмкін.
Айгүл Мырзағалиқызы