Ақмола облысының денсаулық сақтау мекемелеріне санитарлық көліктер берілді. Облыс орталығында салтанатты түрде медицина ұйымдарының бас дәрігерлеріне кілттер табысталды. Көліктер жедел жәрдем қызметінің автопаркін жаңалауға және материалдық-техникалық базаны нығайтуға мүмкіндік берді.     

Облыстың 22 денсаулық сақтау ұйымы арнайы санитарлық көліктерге қол жеткізді. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 100 миллион теңгеге жуық қаржы жұмсалыпты. Осы қаражатқа алдағы уақытта тағы 11 реанимобиль алынып, мекемелер арасында бөлінеді.  

Қажетті медициналық құралдармен жабдықталған санитарлық көліктердің басым көпшілігі аудандарға берілді. Себебі ауылдық жерлерден, шалғай елдімекендерден науқастарды тасымалдау мәселесін шешу керек. Аудандық ауруханалардың бас дәрігерлері бұл үлкен көмек болды, - дейді.  

Жаңа көліктер фельдшерлік топтың жұмысын жеңілдетіп, науқасты тасымалдау кезінде жағдайын жіті бақылауға мүмкіндік береді. Облыста денсаулық сақтау мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстары жыл бойы жалғасады. Биыл құрал-жабдықтар алу үшін облыстық бюджеттен 1,5 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінген.

Ермек Елберген, Василий Вережников