Жыл озған сайын екпе салуға қарсылық танытқандардың қатары көбейіп отыр. Мәселен, 2015 жылы қарсы болғандар қатары Көкшетау қаласы бойынша 200-ден асса, бүгінде 300-ге жуықтады. Сондықтан да бұл мәселе ақ халаттыларды алаңдатып отыр. Себебі, бүгін балаға екпе салынбаса, ертең ол түрлі ауруларға шалдығуы мүмкін.
Екпеге қарсылық танытуға жалған ақпараттардың жаршы болуы себеп. Мұнымен қоса діни наным мен сенімсіздіктің де әсері жоқ емес. Ал шын мәнінде, екпенің пайдасы бар екендігіне келесі сандар дәлел. 1995 жылдары қызылшамен ауырған 8369 жағдай тіркелсе, 2006 жылы бұл аурумен небәрі 4-ақ жағдай тіркелген. Ал көкжөтел ауруымен 95-ші жылы 504 жағдай тіркелсе, 2006 жылы 32 жағдай орын алған. Сол сияқты паратит, В гепатиті ауруларының да саны әжептәуір азайған.
Жалпы елімізде 40-қа жуық инфекциялық ауруға қарсы вакцинация жүргізіледі.Олардың алғашқысы өмірге қадам басқаннан басталып, 16 жасқа дейін жалғасады. Яғни осы уақыт аралығында кез-келген адам кемінде 7-8 рет екпе алуы тиіс. Бұдан соң, әр он жыл сайын вакцина алып отыруы қажет. Қазір көптеген шетелдік жоғары оқу орындары 63-ші формалы картаны талап етеді. Яғни, бұл дегеніңіз, шетелде ілім алғысы келетін жастар ең алдымен қажетті деп танылған екпелердің бәрін алуы керек.
Вакцина елімізге арнайы мамандардың зерттеп, зерделеуімен әкелінеді. Көптеген мемлекеттерде вакцина салу үшін ақша төлейді екен ата-аналар. Ал бізде бұл жағынан мәселе жоқ. Барлығы тегін. Сол тегін мүмкіндікті дер кезінде пайдаланған жөн болар. Себебі, әрбір баланың болашағы -ата-ананың қолында.
Раушан Сайлауқызы, Арман Балбергенов