Ұлт жоспарының 80-ші қадамында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға қатысты нақты міндеттер жүктелген. Ол денсаулық сақтау жүйесіндегі тың серпін болмақ. Ақмола аумағында сақтандыру жүйесін енгізуге қажетті алғышарттар қаншалықты жүзеге асырылған? Денсаулық сақтау қызметкерлерімен әріптесім Ауғанбек Манарбекұлы кездесіп қайтты.
Келер жылдан бастап, тұрғындардың денсаулығы үшін жауапкершілікті мемлекет, жұмыс беруші мен жеке тұлға жұмыла көтереді. Облыстық қан орталығында жаңа жүйенің ерекшеліктері мен артықшылығы тағы бір мәрте талқыланды. Денсаулық сақтау қызметкерлерінің сауалдарына республикалық ақпараттық-насихат штабының ақмола облысы бойынша кураторы Мәжит Шайдаров жауап берді.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың сала тынысына әкелетін тың серпінін ақмолалық ақ халаттылар да асыға күтуде. Күн санап жаңғырып отырған тың технологиядан қалыс қалуға болмайды. Ал оның бірегей жолы медициналық сақтандыру жүйесін енгізу, - дейді сала мамандары.
Алдағы шілде айында сақтандыру қорының қоржынына алғашқы салым түседі. Ол жұмыспен қамтылған азаматтардың жалақысынан бір пайыз. Ал, әлеуметтік әлсіз топтарға мемлекет жарна төлейді.
Ауғанбек Манарбекұлы, Бауыржан Смағұлов.