Сәуір айының басынан бері «Емханаға тіркел де – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі өз мәртебеңді анықта» науқаны бастау алды. Аталмыш шара маусым айының 30-на дейін жалғасын таппақ. Осы уақыт аралығында әр азамат тұрғылықты мекенжайына қарасты емханаға тіркеліп, өзінің қай санатқа жататынын анықтап алуы қажет. Аталған жұмыстардың барлығы медициналық қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталмақ.

Аталмыш науқан науқастарға көрсетілетін медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін арттырып, емханаларда орын алып жатқан кемшіліктерді болдырмауға септігін тигізбек, - дейді мамандар. Үш айға жалғасатын науқан шеңберінде азаматтар емханаға тіркеліп, өздерінің санаттарын анықтап алулары қажет. Тіркеу екі тәсілмен жүргізіледі.    

Әрбір азамат емдеуші дәрігер мен емхананы өзінің қалауы бойынша таңдауға құқылы. Емханаға тіркелу әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысу үшін де аса маңызды. Себебі болашақта сақтандырылған азаматтар медициналық қызметтердің басым бөлігін тіркелген емханасында алатын болады. Осы орайда, мемлекет тарапынан да барынша қолдау көрсетілмек. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына төленетін жарнадан әлеуметтік жағынан тиісті деңгейде қамтылмаған азаматтардың 15 санаты босатылады. Олар үшін жарнаны мемлекет төлейтін болады.

Айта кету керек, емханаға тіркелу үшін небәрі еркін нұсқада жазылған өтініш пен жеке  басын куәландыратын құжат қажет.

 

Әйгерім Бекмағамбетова, Данияр Жұмағұлов