Ақмола облыстық балалар ауруханасы жаңа медициналық жабдықтармен толықты. Денсаулық сақтау мекемесіне 15 реанимациялық консоль, неонаталдық электрод жиынтығымен жабдықталған 12 монитор, 12 мөлшерлегіш және фиброгастрокоп табысталды. Жаңа құрылғыларды "Асыл мирас" жеке қайырымдылық қоры алып берген.
Ақмола облыстық балалар ауруханасының жабдықталу деңгейі көңіл көншітпейді. Небәрі - 60 пайыз. Сондықтан дәрігерлер әрбір жаңа жабдыққа қуанады. Ал бұл жолы 10-нан астамы бірден орнатылды.
Мамандар бір ауыздан жаңа құрылғылардың балалар денсаулығына едәуір оң әсер етеді деп отыр.
Сондай-ақ, енді ауруханада асқазан-ішек жолдарының патологияларын дұрыс анықтауға және кейбір хирургиялық ем шараларын жүргізуге мүмкіндік туды. Қаржы қорға былтыр өткен қайырымдылық велошеруден түскен. 100 миллион теңгеден астам қаражат жиналыпты. Оның шамамен 48 миллионы осы жабдықтауды алуға жұмсалды.
Қаражат қажетті салалар бөлінеді. Бірнеше жылдан бері жүріп жатқан жұмыстар нәтижесіз емес. Халық игілігіне жарауда.
"Асыл Мирас" өткізетін қайырымдылық велошеруі дәстүрге айналған. Бұл шара биыл да өтеді. Жиналған қаржы әдеттегідей әлеуметтік саланы жақсартуға жұмсалмақ.
Ермек Елберген, Василий Вережников