Облыс бойынша 130 мыңға жуық тұрғын мемлекет тарапынан үлестірілетін  тегін дәрі-дәрмекті алуы тиіс. Алайда кейбір науқастарға бұл уақытылы берілмей отыр. Жауапты мекемелердің  айтар сылтауы әртүрлі. Бірі дәрі бітіп қалды десе, енді бірі тендер өткізілмей жатыр деп жауап беретін көрінеді.  Алайда сырқаттың айтып келмейтінін ескеріп жатқан ешкім жоқ. Бұған себеп, дәрінің жеткіліксіздігі ме, жоқ тиісті мекемелерге уақтылы жетпей жатыр ма? Салдары неде? Әріптесім Раушан Сайлауқызы үңіліп көрді.

71 жастағы жалғыз басты қария  Жеңіс Тұрсынбеков бүгінде ертесімен оянды. Себебі, осыдан 4 жыл бұрын пайда болған дерті маза бермепті.  Екі рет инсультке шалдыққан, соның әсерінен әрі-бері жүруге денсаулығы да жарамайды.  Қан қысымы жоғары, жүрегі ауырады. Талма ауруы және бар. Дауасы дәрі ғана еді. Ол да жоқ. Кешіккеніне екі ай болды. Әдеттегідей,  дәріханаға хабарласқанымен, жоқтан басқа жауап ала алмады.

Бұл бір ғана Жеңіс Тұрсынбековтың емес, көптеген науқастардың күрмеулі мәселесі. Бүгінде дәрі бағасының шарықтауы да тұрғындарға оңай соғып отырған жоқ. Сатып алайын десе қалтаға салмақ, алмайын десе ауру маза бермейді. Тегін дәріге қатысты  сауалдарды  жолдап денсаулық басқармасына хабарласқан едік. Алайда толымды  жауап ала алмадық. Бірі тендердің кеш өткізілуінен деді. Енді бірі, тегін дәрі алушылар тізімінің көбеюін себеп қылды.  Яғни дәрі алушылар тізімі үнемі өзгеріс үстінде. Сондықтан да бөлінген дәрілер алғаш келгендерге үлестіріледі де, үлгермегендердің  келер айды күтуіне тура келеді. Ал жиі кездесетін ауруларға қарсы  дәрі қоры   жеткілікті.

Біздің түсірілімнен кейін Жеңіс Тұрсынбековке тиісті дәрілер бірден жеткізілген. Бұдан түйген қорытынды:  біреудің назын орындау үшін, міндетті түрде  өзгенің ықпалы қажет сияқты. Жеңіс ата сынды өлім мен өмірдің ортасында отырғандар қаншама?! Сырқат айтып келмейтінін де жетік түсінеміз. Десе де, денсаулығындағы дімкәсті дәрінің көмегінсіз баса алмайтын жандарға мемлекет тарапынан берілетін дәрі-дәрмек неге уақытылы, дер кезінде жеткізілмейді? Тендердің тәлкегінен адам жанына араша болар ақ халаттылар ажалдың айдаһарына айналып кеткенге ұқсайды....     

Раушан Сайлауқызы, Сабырбек Құлатайұлы, Данияр Жұмағұлов