«Қажымұқан» спорт кешеніндегі ауыр атлетика залының ашылғанына 15 жыл. Айтулы мерейтойға орай, аталмыш залда арнайы салтанатты шара өтті. Шараға білікті бапкерлер мен жаттығып жүрген зіл теміршілер қатысты. Бапкерлер ауыр атлетика залынан түлеген мықты спортшылардың жетістіктеріне тоқталып, залдың шежірелі шежіресі жайлы да айтып өтті.

Ауыр атлетика залы 2004 жылы ашылған. Сол уақыттан бері күні бүгінге дейін күн сайын дайындық жұмыстары жүргізіліп, жас спортшылардың екінші үйіне айналған десек те болады. Бұл зал көптеген зілтеміршілердің бағын жақты. Мәселен, бұл күні осы залдан 3 олимпиада жүлдегері, 10- ға жуық әлем чемпионы, 81 спорт шебері түлеген. Бұл үлкен жетістіктік. Қазіргі таңда жас зілтеміршілерді білікті 6 бапкер жаттықтырады. Солардың бірі – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген бапкері Батырбек Оздоев.

БАТЫРБЕК ОЗДОЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН БАПКЕРІ

Осы залға дейін бізде екі кішкентай зал болды. Оның біреуі «Оқжетпестің» жанында болса, енді бірі 19-шы мектептің жертөлесінде болды. Мен балаларды сол жерде жаттықтырдым. Ал осындай толық жабдықталған зал бізде болған жоқ. 2004 жылы облыстың сол кездегі әкімі Сергей Кулагин осы залдың кілтін бізге табыстады.Осы уақытқа дейін бірнеше толқын түлеп ұшты. Әлі де жаттығамыз. Үлкен додаларға қатысамыз.

Қазіргі таңда аталмыш залда 8 топ бойынша 100-ге жуық зілтемірші жаттығады. Әр зілтерміршінің өзінің жаттығу кестесі бар. Зілтеміршілердің бірі - Жасұлан Ғалиев. Ол жастар арасында өткен олимпиада чемпионы. Әлем және Азия, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы атанған.

ЖАСҰЛАН ҒАЛИЕВ, АУЫР АТЛЕТИКАДАН ОЛИМПИАДА ЧЕМПИОНЫ

Ауыр атлетикамен 11 жыл айналысамын. Осы залға 2015 жылы келдім. Осында келгелі облыстық, республикалық, әлемдік додаларда топ жарып, жүлделі тұғырдан көріндім.

Бұл күні залға заманауи үлгідегі спорт жабдықтары қойылған. Яғни, зілтеміршілердің жаттығуларына барлық жағдай жасалған.

ДЖАМАЛ ПАНАХОВ, ЖАТТЫҒУШЫ

Мен ауыр атлетикамен 1968-ші жылдан бастап жаттығам. Бұл бір адамның ғұмыры. Санап отырсам, 51 жыл айналысыппын. Ал, осы залда 2004 жылдан бастап жаттығамын. Ашылғасын бірден келдім.2004 жылы Кеңестік темір штангалар болатын. Қазір швециялық жаңа штангалар берілді. 

Спорттың осы түрі өңірде жақсы дамып келеді. 2004 жылы осы зал облыстағы жалғыз жаттығу орны болса, бүгінгі таңда әр аудан орталығында ауыр атлетика залы бар. Қызығып келіп жатқан балғындар қатары да көбеюде. Дәл қазіргі уақытта зілтеміршілер елорданың төрінде өтетін Қазақстан кубогына дайындық үстінде.

АБЗАЛ АЗАМАТҰЛЫ, САБЫРБЕК ҚҰЛАТАЙ, АБАЙ ТӨЛЕГЕН КӨКШЕ АҚПАРАТ