Күн суытып, жекеменшік үйлердегі пеш жағу маусымының басталғанына көп болған жоқ. Облыс аумағында осы аралықта ғана өрт пен иіс тиюден 4 адам өмірден озған. Ақмола облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің мамандары жылу беру маусымында пешке аса мұқият болып, өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауды ескертеді.

Оқыс оқиғалар Астрахан, Атбасар, Бұланды аудандарында орын алған. Макинск қаласында қазанның 19-ы күні жекеменшік үйде пеш жағып, көмірдің жанып бітуін күтпей, жалын қақпағын жауып тастаған. Бөлінген улы газдан 21 жасар әйел адам мен 5-ші сынып оқушысы уланып көз жұмды. Жалпы облыс аумағында өткен 9 айда 695 өрт оқиғасы тіркеліп, 13 адам тілсіз жаудың құрбаны болған. 3 адам түрлі жарақаттар алса, тағы 3 адам улы газдан зардап шеккен. Өрт оқиғаларынан келген материалдық шығын 157 миллион теңгеден асады.

ДЕНИС ШЕЛКОПЛЯСОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ЖӨНІНДЕГІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСТЫҒЫ

Жеке меншік үйлердегі өрт қауіпсіздігінің алдын-алуға байланысты  түсіндіру, оқыс оқиғаларды болдырмау мақсатында облыс аумағында 15 тамыз бен 15 қазан аралығында арнайы айлық өтті. Жеке меншік үй тұрғындарының жылу беру маусымына ерте дайындалуын, яғни пештердің мұржаларын тазалауын ескерту. Мамандар 32 мыңнан аса жеке меншік үйге барып, 65 мыңдай тұрғынмен кездесті. Арнайы нұсқаулықтар берілді.

Құтқарушылар сондай-ақ күзгі мұз қату кезінде өзен-көлдерде абай болуды еске салады. Әсіресе, күзгі мұз қату кезінде балалардың өзенге баруына тыйым салу керек,- дейді төтенше жағдайлар қызметінің мамандары.   

М.АЙБАБИНА, Д.МҮЖІБАЕВ. КӨКШЕ АҚПАРАТ