Көрікті Көкшені өлең жырмен өрнектеп, әуезді әндерімен айшықтаған тума талант, арқалы да атаңгер ақын Мұса Асайыновтың 90 жылдық мерейтойы қарсаңында әдеби шығармашылық кеш ұйымдастырылды.

Шараға жиналған көкшетаулық зиялы қауым өкілдері мен студент жастар алдымен Мұса Асайыновтың өмірі мен шығармашылығын қамтыған кітап көрмесін тамашалады. Иран Сал Тасқараұлының орындауында Мұса Асайыновтың халық сақталып, ел аузында қалған жүректің нәзік қылын шертетін әуезді әндері шырқалды. Көпшілік алдында қарымды қаламгер Серік Жетпісқалиев елі үшін елеулі еңбек сіңірген ерен тұлғаның ұйымдастырушылық қ­абілеті, адамгершілігі туралы ғибратты естеліктерімен бөлісті.

СЕРІК ЖЕТПІСҚАЛИЕВ, ҚАЗАҚСТАН ЖУРНАЛИСТЕР ОДАҒЫ АҚМОЛА ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ

Ең алдымен керемет әнші болған екен. Күміс көмей, ерекше жоғары ноталарды алатын керемет дауысты жұрт ұйып тыңдайтын әнші болған екен. біріншіден. Сосын айтыскер ақын болған. Қиыннан қиыстырып сөз табатын. Республикалық айтыстарға дейін барып айтысқанда айтқан сөздері жұрттың аузында қалатын ерекше ақын болған. Оның үстінде жазба ақын. 

Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының бастамасымен Мұса Асайыновтың «Асқақ әнші, ақтангер ақын» атты электрондық кітабы жарық көрді. Оқулықтың алғашқы он данасы ақиық ақын Мұса Асайыновтың қызы Фатимаға салтанатты түрде табыс етілді.

ФАТИМА АСАЙЫНОВА, МҰСА АСАЙЫНОВТЫҢ ҚЫЗЫ

Мұса Асайыновтың туындыларын зерттеудің жаңа кезеңі бастау алды. Ол тума талант, драматург еді. Ұлттық өнерді ұлықтауға өлшеусіз үлес қосты. Көкшетау ансамблін құрды. Мұса Асайынов өнер ұжымымен бірге КСРО-ның түкпір-түкпіріне, көптеген шетелдерге гастрольдік сапармен барып, өнерлерін ортаға салды. Ақмола жұрты Мұса Асайыновтың шығармашылығына орай көлемді конференция  ұйымдастыру жоспарланып отыр.  

 Аспандағы аққуға үн қосып, сал-серілер дәстүрін жалғастырған сегіз қырлы, бір сырлы талант иесі Мұса Асайыновтың мерейтойы қарсаңында оның шығармашылығын зерттеу, зерделеу жұмыстары ерекше жандана түсті. Асқақ әнші, адуынды ақынның ардақты есімі, оның әдеби, музыкалық  мол мұрасы  халық жадында мәңгілік сақталады.

ЕРБОЛАТ СЕРІКБАЙ, ДАРХАН САҒЫН «КӨКШЕ АҚПАРАТ».