РКС: Ұлттық болмыс. Ұлттық рух. Туған тарих. Мәдениет пен әдебиет. Бұлар -  әрбір халықтың ерекшелігін көрсететін негізгі құндылықтар. Ұлттық мәдениетті сақтау – кез-келген мемлекетті биік шыңдарға жетелейді. Қазір елімізде осы бағытта бірегей жобалар жүзеге асырылуда. Мәселен, Біржан сал атындағы Көкшетау музыкалық колледжі студент жастардың арасында күй жарысын өткізіп келеді. Үздік шыққан жастар республикалық байқауларда өнер көрсетуде.

СНХ: САЯН МҰХАМЕДИЯР, БІРЖАН САЛ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ МУЗЫКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНІҢ ДИРЕКТОРЫ/////Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы дер кезінде қабылданған ауқымды құжат. Ол, әсіресе, біздің ұлттық мәдениетімізді, өнерімізді сақтауға, оны кеңінен дәріптеуге мүмкіндік беріп отыр. Біздің колледжде де осы бағдарлама аясында көптеген жұмыстар атқарылды. Студент жастар арасында байқау ұйымдастырдық. Енді Тәттімбет, Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина сынды атақты күйшілеріміздің өнеріне арналған шаралар өткізбекпіз.

РКС: Жаңа дәуірде жетістіктерге жету үшін рухани жаңғыруға баса назар аударған жөн. Бүгінге дейін бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру үшін «Мәдени мұра» бағдарламасы қабылданып, еліміздің аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштер жаңғыртылды. Бұдан бөлек, «Халық – тарих толқынында» жобасы арқылы әлемнің мұрағаттарынан төл тарихымызға қатысты құжаттар жинақталды. Осы орайда, студент жастар қазіргі уақытта «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңызды екендігін айтуда.

СНХ: ФАТИМА РАХМЕТУЛЛИНА, СТУДЕНТ // Еліміздің алдағы тұрған мақсаты әлемдегі дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылу. Ол үшін алдымен өзіміздің ұлттық ерекшілігімізді сақтауымыз керек. Осы тұрғыдан келгенде, Елбасының рухани жаңғыру бағдарламасының маңыздылығы арта түседі. Осыған дейін де елімізде ұлттық мәдениетті, тарихи ескерткіштерге сақтауға арналған көптеген шаралар өткізілді. Бұл бағдарлама да сондай игі шаралардың жалғасы болады деп есептеймін.

РКС: Елбасының мақаласында айтылғандай, Абайдың даналығы, Әуезовтың ғұламалығы, Жамбылдың жырлары, Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана. Оны сақтау, өскелең ұрпаққа жеткізу – әрбір азаматтың парызы болып қалмақ.

Нұргүл Нұрбайқызы