Целиноград ауданындағы қарқынды дамып жатқан кәсіпорындардың бірі - Қосшы ауылында орналасқан "Сапа су" серіктестігі. Сондықтан облыс әкімі Мәлік Мырзалин ат басын бұрған алғашқы кәсіпорын осы болды. Зауытта тұрғын үй, жол және инфрақұрылым нысандарының құрылысына қажетті темір-бетон өнімдер шығарылады. Германиядан әкелінген құрылғылар еңбек өнімділігін арттыруға мүмкіндік берді. Қазір мұнда 120 жергілік тұрғын жұмыспен қамтылған.
Облыс әкіміне Қосшы ауылын сапалы ауыз сумен және жылумен қамту бағытындағы бірқатар жаңа жобалар таныстырылды. Елдімекеннің жыл сайын ұлғайып жатқандығын ескерсек, бұл бағыттағы жұмыстар өте өзекті.
Қосшыда электронды ақпаратты сақтау және өңдеу орталығын қолданысқа беру бойынша жұмыстар аяқталуға жақын. Жоба құны - 4,5 миллирад теңге. Бұл нысан квазимемлекеттік және жеке секторға қызмет көрсетпек. Қазіргі уақытта құрылғыларды орнату жұмыстары жүріп жатыр.
Мемлекеттің қолдауын нақты сезінген кәсіпорындардың бірі пластикалық өнімдер мен панелдер шығаратын зауыт. Өткен жылы "Бизнестің жол картасы-2020" бағдарламасы бойынша 30 миллион теңге субсидия алған.
Қосшы ауылында 40 адамды жұмыспен қамтып отырған лифт пен эскалатор дайындайтын зауыт және кеңселік жиһаз шығаратын цех тұрақты жұмыс істеп тұр.
Ал аудан орталығы Ақмолда 500-ден астам адам "Капитал Проджект" құс фабрикасында еңбекке тартылған. 2018 жылға жоспарланған жоба, қуаттылығына ерте шықпақ. Биылдың өзінде кәсіпорында 20 мың тонна құс еті қайта өңделмек.
Ақмолдағы жылу желісін кеңейту қажет. Бұл туралы жауапты мекеме басшысымен болған кездесуде айтылды. Бүгінде оның қуаттылығы тек 35 процентке қолданылуда. Облыс әкімі Бақыт мөлтек ауданындағы үйлердің және орталық мешіттің құрылысымен де танысты. Сондай-ақ, өңір басшысына аудан орталығының даму жоспары көрсетілді. Атқарылған және жоспарланған жобалар аудандағы ауылшаруашық кооперативтерінің басшыларымен болған кездесуде талқыланды.
Облыс әкімі жұмыс сапарын ауданы активінің отырысында қорытындылады. Целиноград ауданының жеткен жетістіктері аз болмағанымен, бірқатар көрсеткіштер бойынша көш соңында келеді. Себебі - өсу қарқыны жоқ.
Осыған орай, өңір басшысы аудан әкіміне және жауапты басқарма басшыларына Елбасының тапсырмаларын және мемлекеттік бағдарламаларды орындау бағытында жұмысты жетілдіруді тапсырды.