ДИКТОР: «Қазтелерадио» облыс аумағында жаңа 23 радиотелевизиялық станцияны салып, пайдалануға беруде. Енді спутниктік табақшалардың орнын заманауи цифрлық сигналдар алмастырады. Нәтижесінде 520 елді мекеннің тұрғындары қазақстандық телеарналарды жоғары сапада әрі еркін тамашалау мүмкіндігіне ие болады. Сонымен қатар өңір халқы үшін қолжетімді телеарналардың саны едәуір артады.

РКС: Аймақта цифрлық телехабар таратуға көшу жұмыстары қарқынды. Биыл облыстың шамамен 1 миллион 900 мың тұрғыны цифрлық сигналға толық қол жеткізе алады. Елді мекендердің орналасуы мен қашықтығына қарамастан, әрбір тұрғын сапалы және сенімді байланысқа ие болады. Станцияларды жаңғырту жұмыстары Ақкөл ауданынан бастау алып Шортанды ауданына дейінгі барлық аумақты қамтиды.

СНХ: ОЛЖАС ҚАМИ, «SMART AQMOLA» МЕКЕМЕ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Бұл бастаманың халық үшін маңызы зор. DVB-T2 заманауи стандарты көрермендерге кедергісіз, кристалдай таза бейне мен жоғары сапалы дыбыс ұсынады. Әсіресе ауыл тұрғындары үшін үлкен мүмкіндік туып отыр. Тегін қолжетімді телеарналардың саны кемінде үш есеге артады. Көрермендер Qazaqstan, 24 KZ, Balapan, Jibek Joly, Abai TV және өңірлік «Көкше» телеарналарын еркін тамашалай алады.

РКС: Өңірде мобильді байланыс желісі де бірдей белсенді дамуда. Көкшетаудағы мамандар 15 базалық 5G станциясын сәтті іске қосып, тұрғындарға заманауи байланыс қызметін ұсынуда. Бүгінде «Digital Aqmola» орталығы өңірдің IT-құрылымы мен экожүйесінің маңызды және тұтас буыны ретінде қызмет атқарып келеді. Орталықта жағдайлық басқару орталығы, бірыңғай контакт-орталық және басқа да цифрлық платформалар кіреді. Аймақтағы басты жобалардың бірі – ауыл шаруашылығы саласын цифрландыру. Жоспарға сәйкес, барлық шаруашылықта фермерлер жасанды интеллекттің көмегімен жерлерін тиімді пайдалану деңгейін бағалай алады. Бұл ауыл шаруашылығындағы заманауи технологияларды енгізудің жаңа кезеңі.

СНХ: ДАСТАН АНЕЛУЛАН, «SMART AQMOLA» МЕКЕМЕ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Мына жасанды интеллектті енгізу бойынша жұмыстар қатар жүргізіліп жатыр, өмірдің негізгі саласы болып табылатын ауыл шаруашылығына ерекше назар аударылуда, атап айтқанда «Дихан плюс» озық шаруашылығында жасанды интеллект ы өндірістік циклдарды талдайды, өнім шығындарының себебін анықтайды және технологиялық жақсарту бойынша ұсыныстар береді. Осы шешімдердің арқасында өнімділік әр гектардан екі центнерге артып кәсіпорынға шамамен екі жүз елу миллион теңге.

РКС: Өңірде су тасқыны, өрт қаупі, рұқсатсыз қоқыс алаңдары, жылу шығындары мен жол жағдайын бақылау мақсатында дрондар кеңінен қолданылуда. Барлығы облыс бойынша төрт дрон жұмыс істейді. Олардың екеуі Көкшетауда орналасқан. Aqmola IT Hub-тың биылға қойған негізгі мақсаты – жаңа қатысушыларды тарту және күнделікті жұмыста инновациялық әдістерді қолдануға арналған 80-нен астам шара өткізу. Сонымен қатар, Көкшетауда «Tomorrow School» жасанды интеллект мектебі өз жұмысын жалғастыра береді. Бұл мектеп қатысушыларға бағдарламалау дағдыларын нөлден бастап меңгеруге және өз кәсіби әлеуетін дамытуға мүмкіндік береді.

СНХ: ӘСЕЛ ӘБДІРАХМАНОВА, «ИННОВАЦИЯЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР ПАРКІ» АВТОНОМДЫ КЛАСТЕРЛІК ҚОРЫ КӨКШЕТАУ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Хабтың екі жылдық қызметі аймақтағы IT экожүйесінің қарқынды дамуына серпін берді. Осы уақыт ішінде IT-қоғамдастық айтарлықтай кеңейіп, жаңа буын мамандары қалыптасты. Tech Orda бағдарламалары аясында 160-тан астам азамат заманауи IT бағыттары бойынша кәсіби білім алып, өз әлеуетін арттырды. Сонымен бірге стартап-қоғамдастық та белсенді өсім көрсетті: жобалар саны 60-тан астамға ұлғайды. Олардың ішінде биыл нарыққа сәтті шыққан әрі алғашқы инвестициясын тартқан «Оқушы» білім беру платформасын ерекше атап өтуге болады. Бұдан бөлек, тағы үш жоба бета-тестілеу кезеңінен өтіп, жақын арада нарыққа шығуға дайындалып жатыр.

РКС: Сондай-ақ, «Aqmola IT Hub»-та IT саласындағы жаңа мамандықтарды игеруге арналған білім беру курстарымен қатар, стартап жобаларды қолдау бағдарламалары да іске асырылуда. Биыл «Startup Orda» инкубациялық бағдарламасы өтті. Оған Көкшетаудан 50 стартапер қатысып, өз жобаларын дамытып, тәжірибе жинауға мүмкіндік алды.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ