ДИКТОР: Көкшетауда «Адал азамат» бағдарламасы аясында «Жастар тәрбиесі – мәңгілік тақырып» атты іс-шара өтті. Кездесуге зиялы қауым өкілдері мен мектеп директорлары қатысып, жас ұрпақты тәрбиелеудегі ортақ жауапкершілік, мектеппен тығыз әрі жүйелі байланыс орнату мәселелері жан-жақты талқыланды.
РКС: «Ақсақалдардың дана сөзі» атты модельдік лекциялар аясында дайындалған 15 тақырыптың мазмұнды тезистері көпшілікке ұсынылды. Дәрістер жастарды адалдыққа, әділеттілікке, патриотизмге тәрбиелеу, салауатты сана қалыптастыру, әлеуметтік кеселдердің алдын алу, табысқа жету жолдары, сондай-ақ ұлттық құндылық, руханият, этнотәрбие, Алаш мұрасы және жастар өміріндегі кітап пен цифрлық кеңістіктің ролі сияқты өзекті тақырыптарды қамтыды.
СНХ: ЕРМЕК НҰҒЫМАН, ОБЛЫСТЫҚ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ: Ол баяндамалар негізі өзіміздің тәуелсіздігіміздің құндылығы, өзіміздің салт-дәстүріміз, қазақтың салт дәстүрі, тәрбие, қазақы тәрбие, соларды жастардың бойларына сіңіру, одан қалды жаңағы 5 кеселден арылу, Президентіміз атап өткен жаңағы жастарменен кездесу, мектептептермен кездесу өткізіп, соларменен арман қарай тәрбие жұмысын мектеп басшылығымен бірге жүргіземіз деп ойлаймыз. Өйткені ардагерлер кеңесінің жарғысында жазылған басты міндеттердің бірі бұл жастар тәрбиесімен айналысу, соған ат салысу, сондықтан да бүгінгі өткізіп жатқан жиналысымыз өзінің нәтижесін береді деп ойлаймыз.
РКС: Бүгінде қаладағы 27 мектеп бағдарламаға негізделген тәрбие мен білім жүйесін жүзеге асыруда. Білім беру ұйымдарында тәрбие жұмысына да ерекше көңіл бөлінуде. Осы бағытта мектептерде жүйелі түрде сынып сағаттары өткізілуде. Сонымен қатар мектеп оқулықтарында ұлттық құндылықтар, адамгершілік негіздері мен рухани тәрбиеге арналған тұжырымдамалар кеңінен қамтылып, жастардың санасына тәрбиелік ықпал етудің маңыздылығы арттырылуда.
СНХ: ТІЛЕУКЕН АХМЕТБЕКОВ, № 1 КРАСНЫЙ ЯР ОРТА МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: «Адал азамат» бағдарламасы аясында біз өз оқушыларымыздың бойына патриоттық, адалдық, еңбекқорлық қағидаттарын қалыптастырамыз. Мектебімізде бағдарламаға сәйкес «Өнегелі 15 минут», «Ұлттық ойындар», оқушылардың бойында адалдық, еңбекқорлықты қалыптастыру мақсатында іс-шаралар. Соның ішінде қазыналы қарттарымызға, жалғыз басты қарияларымызға көмек жасаймыз. Ұлттық өнерімізді күй күмбірі арқылы оқушылардың бойына сіңіреміз. Асық ату, бес асық, тоғызқұмалақ ойындары балалардың жастарына сәйкес болғандықтан ұлттық құндылықтарымызды бойға сіңіреміз.
РКС: Адал азамат болу – бір күндік іс емес, адам бойында өмір бойы қалыптасып, үздіксіз дамып отыратын асыл қасиет. Қандай қиындық болса да, тура жолдан таймай, әділетсіздікке қарсы тұра білу – нағыз ерліктің белгісі. Осы құндылықтарды жастардың санасына сіңіру мақсатында айқындалған тұлғалар оқушылар мен педагогтар арасында тәжірибе алмасуға бағытталған кездесулер өткізеді.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ