ДИКТОР: Щучинск қаласының тұрғынынан 280 шағын орамадағы мефедрон тәркіленді. Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері есірткі заттарын сақтау және таратумен айналысты деген күдікпен әйел адамды ұстады. Қазір күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
РКС: Бурабай ауданының 37 жасар тұрғынының тұрғылықты мекенжайында жүргізілген тінту барысында полиция қызметкерлері арнайы жабдықталған жасырын қоймадан есірткі заттарын орауға арналған материалдар, зип-пакеттер, изолента, электронды таразылар және магниттерді анықтап, тәркіледі. Табылған есірткі заттарының салмағы 270 грамнан асады. Сонымен қатар күдіктіден үйлестірушімен байланыс жасау үшін пайдаланылған ұялы телефон да табылды. Қазір бұл дерек бойынша тергеу амалдары жалғасуда.
СНХ: ДАРХАН ДОСАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ ЕСІРТКІ ҚЫЛМЫСЫНА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ: Ұсталған азаматтың ұялы телефонын тексеру және өзінен алынған түсініктемелер бойынша оның қылмыстық әрекеттен түскен ақшалай қаражатты криптовалюта арқылы алып отырғаны анықталды. Ол бұл заңсыз қызметпен бір жыл бойы тұрақты айналысқаны белгілі болды. Былтыр өңірде 23 килограмм синтетикалық есірткі заты тәркіленді. Ал 2024 жылы бұл көрсеткіш небәрі 7 килограмм болған. Яғни, бір жыл ішінде синтетикалық есірткілерді тәркілеу көлемі үш есеге артқан.
РКС: Былтыр аймақта есірткіге қатысты 313 құқық бұзушылық тіркелді. Құқық қорғау органдары жүргізген жедел іс-шаралардың нәтижесінде 35 «жасырын таратушы» ұсталған. Сондай-ақ, синтетикалық есірткі дайындайтын екі астыртын зертхана әшкереленіп, олардың қызметі тоқтатылды.
СӘНИЯ ЕСМІСЕЙІТОВА, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ