ДИКТОР: Қосшы қаласында полиция қызметкерлері есірткі қабылдап, масаң күйде көлік тізгіндеген жүргізушіні ұстады. Көлік салонында кәмелетке жасы толмаған балалар болған.
РКС: Полиция қызметкерлері өсімдік тектес есірткінің әсерінде Mazda маркалы автокөлік басқарған елорда тұрғынын анықтап, тоқтатты. Жүргізуші құқық қорғау органдарымен әңгіме барысында қажетті құжаттарды көрсетуден жалтарған.
СНХ: ӘСЕМ ӘБДІРАХМАНОВА, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ЕРЕКШЕ ТАПСЫРМАЛАР ЖӨНІНДЕГІ АҒА ИНСПЕКТОРЫ: Тексерген кезде аталған азаматтың былтыр да қаңтар айында есірткі қабылдап көлік басқарғаны үшін жүргізуші құқығынан айырылғаны белгілі болды. Бірақ, соған қарамастан, ол заң талаптарын елемей, заңды қайта бұзған. Жүргізілген медициналық сараптама жүргізушінің ағзасында тыйым салынған заттың бар екенін растады.
РКС: Көлікте кәмелеттік жасқа толмаған балалардың болғаны анықталғандықтан, бұл жағдай аса қауіпті деп бағаланып отыр. Көлік құралын басқару құқығынан айырыла тұра көлік тізгіндегені үшін ол азаматтың үстінен қылмыстық іс қозғалды.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ