ДИКТОР: Демалыс күндері толассыз жауған қар тұрғындар мен көлік қозғалысына біршама қиындық туғызуда. Осы ретте, коммуналдық мекемелердің жұмысы күшейе түсті. Боран, екпінді жел және көктайғақ жағдайды одан әрі ушықтырып отыр. Қар тазалау жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр? Тілші баяндасын.
РКС: Демалыс және мереке күндері өңірде қалың қар жауды. Синоптиктер алдағы күндері де қолайсыз ауа райы сақталатынын болжап отыр.
СНХ: ГҮЛЖАН БАЙМҰҚАНОВА, "ҚАЗГИДРОМЕТ" РЕСПУБЛИКАЛЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК КӘСІПОРНЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ИНЖЕНЕР-СИНОПТИГІ: Алдағы күндері Ақмола облысында тұрақсыз ауа райы сақталады. Күндіз облыстың көп бөлігінде қар жауып, боран соғады және көктайғақ болуы ықтимал. Оңтүстік-батыстан соққан жел күшейіп, секундына 15-20 метрге, кей жерлерде 23-28 метрге дейін күшейеді. Түнде температурасы 15-20 градус, ал күгдіз 10-15 градустан 7 градусқа дейін суық болады.
РКС: Ауа райының бұзылуына байланысты көшелер қардан тазартылып, жол қозғалысының қауіпсіздігіне ерекше мән беріліп отыр. Жауапты мердігерлер қар тазалау жұмыстарын қалың ақ ұлпа жауып тұрған уақытта да, кейін де жүргізуде. Қаланың орталық көшелеріне басымдық беріліп отыр. Онда жол бетін, тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолдарын қардан тазарту жұмыстары жүргізіледі.
СНХ: ЕРБОЛАТ СЕРІКБАЙ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ, ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: Мереке күндері, яғни 1-ші қаңтардан 4-ші қаңтарға дейін сонымен қатар 31-ші желтоқсан күні қар тазалау жұмыстары жүргізілді. Қар тазалау жұмыстарына 50 техника жұмылдырылды. Сонымен қатар, 50 адам қарды күрекпен тазалады. Облыс орталығында қар тазалау жұмыстары тәулік бойы жүргізілуде. Алдымен, негізгі көшелер мен жаяу жүргіншілер жолдары тазартылады. Сондай-ақ, автобус бағыттарына да басымдылық беріледі. Содан кейін ғана қаланың шетіне назар аударылады.
РКС: Коммуналдық қызметтер тәулік бойы үздіксіз жұмыс режиміне көшкен. Ауа райының тұрақсыздығын ескере отырып, тұрғындарға алыс жолға шықпауға кеңес береді.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ЗАРИНА САПАРҒАЛИЕВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ