ДИКТОР: Мектеп оқушылары қысқы каникулға шықты. Сондықтан қысқы демалыс – отбасымен саяхаттап, серуендеп, ерекше әсерлерге бөленететін тамаша кезең. Дәл осы тұста әсіресе Ақмола облысындағы демалыс аймақтары келушілерге лық толады. Бурабайдағы сұранысқа ие орындардың бірі «Қазақстан Лапландиясы». Ал Көкшетауда қала тұрғындары мен қонақтары үшін де белсенді демалыстың жаңа, қызықты форматтары ұсынылмақшы.

РКС: «Қазақстан Лапландиясы» Бурабайда бірнеше жылдан бері экскурсиялық қысқы алаң ретінде жұмыс істеп тұр. Мұнда қонақтарды түрлі тақырыптық аймақтар, солтүстік аула мен оның сүйкімді мекендеушілері күтеді. Бағдарламада бұғы мен ат жегілген шанамен, хаски иттерімен серуендеу және қысқы мерекенің басты символдарымен кездесу бар.

СНХ: АЯЗ АТА: Құрметті тележүргізушілер сіздерді Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздерге зор денсаулық, бақыт, сәттілік, махаббат пен отбасы бақытын тілеймін. Өмірлеріңіз қуанышқа толы, көңілдеріңіз әрдайым көтеріңкі болсын. Ең бастысы – аспанымыз ашық болсын. Сіздердің бәріңізді жақсы көремін. Сәлеммен, Аяз ата.

РКС: «Қазақстан Лапландиясы» балалармен қатар ересектерге де ерекше қуаныш мен көтеріңкі көңіл күй сыйлайтын шаттықтың мекені.

ИНТЕРШУМ:

РКС: Көкшетауда да жыл озған сайын қысқы демалысты көңілді өткізуге арналған орындар көбейе түсуде. Биыл қалада белсенді және отбасылық демалысқа арналған бірнеше алаң ашылды. Мұнда тұрғындар мен қала қонақтарына арналған мұз айдындары мен қалашықтар бар. Демалыс аймақтарында қарда жүретін арнайы техникамен серуендеу де қарастырылған. Сонымен қатар естелік суретке түсетін арнайы фотозоналар да жабдықталған.

СНХ: АЗАМАТ БЕРШІМОВ, ЖЕКЕ КӘСІПКЕР: Мұнда сырғанақ пен мұз айдыны бар, конькилердің барлығы жаңа. Сонымен қатар банан, квадроциклдер және қар мотоциклдері де ұсынылады. Демалыс орны күн сайын таңертеңгі сағат 11-ден түнгі 2-ге дейін жұмыс істейді.

РКС: Биыл облыс орталығының бас шыршасының шамы Жаңа жағалау аумағында салтанатты түрде жағылды. Қала көшелеріндегі жарқыраған шамдар мен шағын сәулеттік нысандар мерекелік атмосфера қалыптастырып тұр. Қалалық инфрақұрылым қонақтарды қарсы алуға толықтай әзір. Бір сөзбен айтқанда Ақмола облысында Жаңа жылдық демалысты қауіпсіз әрі жайлы өткізуге барлық жағдай жасалған.

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ЗАРИНА САПАРҒАЛИЕВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ