ДИКТОР: Жаңа жылға санаулы ғана сағат қалды. Өткен жылды қорытындылап, үкілі үміттерімізді арқалап, жаңа жылға қадам басқалы тұрмыз. Ал алдағы жыл қазақстандықтар үшін қандай болмақ? 1-ші қаңтардан бастап елде әлеуметтік төлемдер, салық жүйесі және қаржы бақылауы салаларын қамтитын бірқатар маңызды өзгерістер күшіне енеді. Осы ретте шаһар тұрғындарының жаңа реформаларға көзқарасы қандай? Келесі сюжетте.

РКС: 2026 жылы қазақстандықтардың қаржылық өмірі жаңаша форматқа көшеді. Биыл қоғамдық талқыға түскен тақырыптардың бірі - жаңа салық кодексі. Оның аясында қосылған құн салығы көтеріліп, табысы жоғары азаматтар жалақысынан көбірек салық төлейтін болады. Жеке табыс салығы бойынша жылдық табысы 8500 айлық есептік көрсеткіштен асатын азаматтарға 15% мөлшерлеме белгіленсе, бұл көрсеткіштен төмен табыс табатындар үшін 10% мөлшерлеме сақталады. Корпоративтік табыс салығы бойынша да жаңа тәртіп енгізіледі. Жаңа ережелер әзірге кейбір кәсіпкерлер арасында күмән тудырғанымен, бизнес өкілдері оның кері әсері болмайды деген үмітте.

СНХ: АЙСҰЛУ СЕЙІТОВА, ЖЕКЕ КӘСІПКЕР: Бұрын сауда өте жақсы жүретін, қазір Wildberries, Ozon, Pinduoduo сияқты онлайн платформалар пайда болғалы, саудамыз да төмендеді. Ал енді оған қосымша қосымша құн салығы қосылса, баға өсіп, ақша құнсызданама деген ой келеді. Дегенмен, әзірге не боларын білмейміз ғой. Мүмкін бұл бізге тиімді болар.

СНХ: ИЛОНА ВАРАНКИНА, ЖЕКЕ КӘСІПКЕР: Мен жеке кәсіпкерлікпен жарты жылдан бері айналысып келемін. Әлі салық кодексінің барлық ережесімен толық таныс емеспін. Дегенмен, Kaspi арқылы жаңа салық кодексі жөнінде барлық ақпаратты қарап шықтым. Бұл өзгерістер бизнеске кері әсер етпейді деген үміттеміз.

РКС: Сондай-ақ, келер жылдан бастап мобильді аударымдар жарналарына қатысты да жаңа қаржылық бақылау тетіктері іске қосылады. Банктер азаматтардың ақша аударымдары туралы мәліметті салық органдарына жолдап отырады. Бұл - кәсіпкер ретінде тіркелмеген, бірақ тұрақты табыс табатын тұлғаларды анықтауға бағытталған шара.

ИНФОГРАФИКА МӘТІНІ: Алайда, қарапайым тұрғындар үшін алаңдауға негіз жоқ. Тексеріс тек мына жағдайда жүргізіледі: Егер бір адамға үш ай ішінде 100-ден астам адамнан ақша аударылып, оның жалпы сомасы 1 миллион теңгеден асса, онда ол кәсіпкер ретінде танылып, салық төлеуге міндеттеледі. Яғни күнделікті кішігірім аударымдар тексеріске ілінбейді.

ИНФОГРАФИКА:

* 3 ай ішінде шотқа 100-ден астам адамнан аударым түссе;

* сол кезеңдегі түсім 1 миллион теңгеден асса.

РКС: Бұған қоса, 1-ші қаңтардан бастап әлеуметтік төлемдер мен мемлекеттік жәрдемақы көлемі де 10 %-ке артпақ.

ИНФОГРАФИКА МӘТІНІ: Бүгінде аймақта 29 мыңға жуық мүгедектігі бар адам тұрады. І топтағы жандар айына 111 мың теңге, ІІ топтағылар – 89 мың, ІІІ топтағы азаматтар 61 мың теңге алады.

ИНФОГРАФИКА:

Мүгедектігі бар азаматтарға төленетін айлық жәрдемақы мөлшері:

• І топ – 111 мың теңге;

• ІІ топ – 89 мың теңге;

• ІІІ топ – 61 мың теңге.

ИНФОГРАФИКА МӘТІНІ: Ал бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақы бірінші, екінші, үшінші бала үшін 164 мың теңгеге дейін өссе, төртінші және одан кейінгі балалар үшін бұл төлем 272 мың теңгеге жетеді.

ИНФОГРАФИКА:

Бала тууға берілетін біржолғы жәрдемақы:

• Алғашқы 3 бала үшін – 164 мың теңге;

• 4-ші және одан кейінгі балаларға – 272 мың теңге.

РКС: 1-ші қаңтардан бастап зейнетақы да өседі. Базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері 35 мың теңге, ал еңбек өтіліне байланысты ең жоғарғы шегі 60 мың теңге болып белгіленді. Ең төменгі зейнетақы – 69049 теңге мөлшерінде болмақ. Айта кетейік, бүгінде аймақта 131 мыңнан астам зейнеткер бар.

СНХ: БАҒИРА НИЯЗБЕКОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Мына келер жылы комуслугтар, тамақ бәрі қымбаттайын деп жатыр, сондықтан енді мына зейнеткерлердің зейнетақсы өсіп жатыр. Сондықтан үміт күтеміз, бәрі жақсы болады деп. Үкімет енді оның бәрін елеп, ескеріп отыр ғой. Жаңа жыл берекелі, табысты жыл болсын!

РКС: Әрине, бұл өзгерістер – экономиканы нығайту, салық әділдігін қамтамасыз ету және көлеңкелі қаржы айналымын азайту мақсатында қолға алынып отырғаны мәлім. Ал оның не дұрыс, не бұрыс екенін уақыт көрсетеді. Дегенмен күмәні мен үмітін қатар арқалап жүрген шаһар тұрғындары бұл реформалардың оң нәтиже беретініне сенімді.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ