ДИКТОР: Жұмысшы мамандықтары жылы аясындағы шаралар легі жалғасуда. Ақмола облысындағы еңбеккерлердің құрметіне «Аманат» партиясының облыстық филиалы «Жаса, диқан ерлерім!» атты облыстық ақындар айтысын ұйымдастырды.
ИНТЕРШУМ:
РКС: Айтысқа Ерейментау, Бурабай, Бұланды, Аршалы, Шортанды аудандарынан және Көкшетау қаласынан 12 ақын қатысты. Бұл додада қойылған негізгі талап – 2026 жылы өтетін республикалық командалық айтыста сахнаға шығатын үздік сөз зергерлерін анықтау. Көкше төңірегінен шыққан 12 ақын өзара бақ сынасып, суырылып шыққан төртеуі аламанда облыс намысын қорғайды.
СНХ: ҚҰДАЙБЕРЛІ МЫРЗАБЕК, АЙТЫС АҚЫНДАРЫ МЕН ЖЫРШЫ-ТЕРМЕШІЛЕРДІҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ОДАҒЫ АҚМОЛА ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: Ылғи үміткер ақындардың барлығы мықты, бабында деп ойлаймыз. Айтысқа енді бір айдың көлемінде осы айтыстың болатыны белгілі болды. Айтысқа ақындардың дайындауына уақыт болды деп ойлаймыз. Бұл енді жылдың қорытындысы секілді. Сол биылғы үздік шыққан ақындар жиырма алтыншы жылда өнер көрсететін болады.
РКС: Бұл жолғы сөз додасының тағылымды тұсының тағы бірі – Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай ұлы ақынның еңбек тақырыбын ардақтаған өсиет-өлеңдерімен сабақтастырылуы. Хакім сөзін арқау еткен ақындар еңбек адамын қадірлеу, маңдай тердің мәртебесін көтеру тақырыптарын кеңінен дәріптеп, Абай мұрасын бүгінгі заман тынысымен ұштастырды.
СНХ: САРҚЫТБЕК НҰРДЫБЕКҰЛЫ, АЙТЫСКЕР АҚЫН (БУРАБАЙ АУДАНЫ): Абайдың еңбек туралы, жалпы қазақты өнер-білімге, адамдыққа бастау жолындағы сөздері өте көп. Адамның бес дұшпаны, ол да бар. Айтыс басқа өнер саласына ұқсамайды. Майданда желге қарай желкен жаямыз, қарсыласымызға байланысты. Тақырып осы «Жаса, диқан, ерлерім!» болғандықтан, халықтың маңдай терімен келген ажал еңбегін, жеңісті жемісін жырлау мақсат болып табылады.
СНХ: МҰХАММЕД ҚОНҚАЕВ, АЙТЫСКЕР АҚЫН (КӨКШЕТАУ): Бұл командалық айтыста қазақ айтысының түрлі жанрлары көрсетілді. Жұмбақ айтыс, сүре айтыс, түре айтыс, қыз бен жігіт айтысы деген сияқты, сол айтыстарға икемі бар, ертең ел намысын абыроймен қорғай алады деген 4 ақынды іріктейтін болады. Жылдың басы жұмысшылардың құрметіне айтысымен басталса енді жылдың аяғы осы дихандардың құрметіне ұласып жатыр. Бұл енді ел Президентінің жолдауында айтылған жұмысшы мамандықтар жылын игергендік деп есептеп отырмыз, сол себепті осы айтыстың өтуіне мұрындық болған «Аманат» партиясының өкілдері мен қолдау білдірген барша диханшы, демеушілерге алғыс айтамыз.
РКС: Республикалық додаға жолдама алған төрт ақынның қатарында Ерейментау ауданының айтыскер ақыны Ерлан Дәулет, Көкшетаудан Мұхаммед Қонқаев пен Әлібек Серғалиев, сондай-ақ Аршалы ауданының атынан шыққан Құрметхан Құралхан бар. Қатысушыларға «Аманат» партиясы Ақмола облыстық филиалының төрағасы Берген Беспалиновтың атынан Алғыс хат табысталды. Айтыс көрермендерге де ерекше әсер қалдырды.
СНХ: НҰРҒИСА ЕЛЕШ, КӨРЕРМЕН: Көкшетаудағы ақындардың көбісі қатысып, ақындардың бірінен бірі асып, керемет айтыс болды деп айта аламын. Өзімнің көңілімнен қатты шықты. Бүгінгі айтыстың тақырыбы диқаншыларға арналды, бұл жерде диқаншылардың мәртебесін көтеру, осы күнге дейін жасаған жұмыстарын ақындар жақсы жеткізе білді деп ойлаймын, тақырыпты аша білді.
РКС: Осылайша Арқада алты алаштан ән оздырған сал-серілердің киелі мекеніне айналған Көкше жерінде көрерменнің көңілін шалқытқан тағы бір ерекше өнер додасы өтті.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ